Қытай «Ақсай» мемлекеттік сыйлығын алған қазақ ақыны

4
149

Бейжіңде Қытай аз ұлттар Жазушылар қоғамы мен «Ақсай» қазақ әдебиеті қоғамы ұйымдастырған байқаудың марапаттау рәсімі өтті деп хабарлайды 24.kz.  Осы байқауда Қытай «Ақсай» мемлекеттік сыйлығын иеленіп,  бас жүлде – 20 мың АҚШ долларын  Ерлан Нұрдыханұлының «Көлеңке көзіндегі елес» жыр жинағы еншілеген. Біз бүгін Ерлан Нұрдықанұлының бір топ өлеңдерін жариялап отырмыз.

 

АДАМНЫҢ ТЕРЕҢДІГІ-ҮНСІЗДІКТЕ
Ерлан Нұрдықанұлы

ОТҚА ОРАНҒАН ҮЙЕҢКІ
Түн ғазалы…
Мұң қазаны –
Ал, қайнасаң қайнап көр!
Тірі сөзден тіл үйірген қаймақ бер.
Отқа оранған үйеңкінің басында,
Отыр қонып алтын қанат ай – кептер.
Ойхой , дүние !
Отқа орану емей не –
Зарығу ма,
Қамығу ма, не бейне?
Сағынуға бола туған жүректі,
Жабығуға жаратылған демей ме.
Тасқа айналып қабығы,
Талықсыған тамыры –
Тарам – тарам тарқатылған үйеңкім,
Таңғажайып тағдырыңды сүй еркін !
Тербелмейді,
Шетінеген сәбидің
Бесігіндей бейкүнә бұл-иен түн.
Қарыт үйеңкі,
Бұтағына ай қонып,
Қамығасың а қара жерден қайғы еміп.
Сезем мен де, сенен бетер мұңаям,
Ләлә гүлі қурап жатыр,
Ләйлә өліп.

****
Шексіздік те бір шеңбермен шектеліп ,
Күлкім менің күрсініске кетті еріп .
Тығыламын құшағына уақыттың ,
Отырсамда мен мезгілді жек көріп .
Жүрек шаршап бір шәйірдің бәйтінен ,
Ескі жұрттан есеңгіреп қайтып ем .
Балалыққа барып қайттым түсімде ,
Алақаныма ақ тамшыдай ай түнеп.
Бір тамшы мұң  –
(Еске салып құдайды)
Жалғыздықтың жанарынан құлайды .
Ал, махаббат?
Қоңыр салқын қолымен
Сәл жымиып маңдайымды сылайды .
Қанатыңнан жеті ұжымақ желі есіп,
Аққу – тағдыр,
Қашан ұшып келесің ?…
Жалбыз өскен жабырқаулы түкпірде ,
Жатыр бұғып жас балапан елесі .
Қашан соның қанатына хат байлап,
Шалықтармын сәбиге тән шақты ойлап .
…Маған қарап дөң басында боздап тұр,
Табытымды арқалаған ақ тайлақ…
****
Сүйем сені, іңір- қыз…
Шым батырар шымырлаған шырын жүз.
Есінейді семіздігін сездіріп,
Мынау жатқан жұдырықтай жұмыр күз.
Семіздігін сездіреді есінеп,
Беу, ұлы өлке!
(Берекеге бесік ед…)
Мен мезгілге өкпелеп те қоямын,
Біле тұра сынағаны несі деп.
Күле тұра жылағаны несі деп…
Семіздігі – арыстандай айбынды.
Мұқатқаны – менің арық қайғымды.
О, дариға,
Оянады жымиып
Ұйқтап қалған қасіретім қай жылғы.
Айналайын  албыраған шырын жүз,
Қашан,
Қайда кезігіп ек бұрын біз?
Қара шәшің бара жатыр ағарып,
Қартайып та қалғанбысың, іңір- қыз.
Көзіндегі көлде ойнаған от көбік,
Сені сүйем !
Семіз күзді жек көріп…
Амал нешік елесің де ең соңғы,
Уақыттың құшағында кетті өліп.

ҚҰС – ӨЛЕҢ
Дәл осылай  болар, сірә, құс деген!
Тым тәкәппар зәу биікке ұшты өлең.
Кеңістікке кетті сіңіп сол елес,
Күздің қызғылыт жапырағын тістеген.
Кеңістікке кетті сіңіп…
Мықтылық !
Күбірлеймін мен тікемнен тік тұрып.
Ерініме дамылдамас еш қашан,
Өлең солай еркіндігін ұқтырып.
Мен – мезгілмін.
Бұтағыма құс қонып –
Ойға шомам оянғандай түс көріп.
Сахараға шөлдеп жүрген, бауырым,
Мөлдіреген құстың үнін іш, келіп!
Өлең – құстар…
Ғарыш жаққа ұшқанда –
Асығамын солар кеткен тұстарға.
Ғашық едім Есенғали ағамдай,
Періштеден айнымайтын құстарға.
Құстың үнін тым алыстан  естілген,
Бір өлеңнің дауысы деп шештім мен .
Ақынсың деп айтар едім,
Амал не –
Құстар, бірақ, ұқсамайды ешкімге .

****
Айтсада ақылгөйім мінсіздікпен,
Қоя алман жыр жолына мұңсыз нүкте.
Ғаламның тереңдігі – мұңда ғана,
Адамның тереңдігі – үнсіздікте.
Қанатын мың жүрекке жәйіп қонған.
Үнсіздік сағынышқа лайықталған.
Сұлулық шөпке тұнған тамшыдай – ақ,
Таң ата нұр құшақтап ғайып болған .
Мезгілдің мендегі ыстық әсері осы,
Қартаймас қасіреттің жас елесі.
Жанарда қатып қалған бір тамшы бар,
Беймағлұм тас екені,
Тас емесі …
Мен оны әлдилеймін.
Және солай,
Алдымнан ашылады көне сарай.
Еңкейіп есігінен аттамай – ақ,
Қасынан кете барам жанасалай.
Ескі үйге енгізбейді,
Қаша көшіп
Қартаймас қасіреттің жас елесі.
Тамшыдай нұр құшақтап ғайып болған,
Мезгілдің менде қалған әсері осы.

ЖҮРЕГІМ ТОҢЫП ЖҮРГЕНДЕ
Жүрегім тоңып жүргенде, жаным,
Ымыртта –
Самарқау күздің саптаяғынан мұң ұрттап…
Ай болып үнсіз жымидың маған,
Жылу жоқ!
( Күңгірт өлкеде күрсіну бар да күлу жоқ)
Тастарды ғана мамық деп саған мақтаймын,
Аспанды ғана айтамын сосын сұлу деп.
Жүрегім тоңып жүргенде, жаным,
Бейуақыт –
Кеудеме менің қаймағы қалың ой қатып…
Күн болып тағы күлімсіредің,
Жылу жоқ !
(Күңгіріт өлкеде күрсіну бар да күлу жоқ.)
Мазарды ғана мамық деп саған мақтаймын,
Ажалды ғана айтамын сосын сұлу деп.
Жүрегім тоңып жүргенде, жаным,
Кешқұрым –
Жұлдыздың нілін сезініп,
Түн –  қыздың үнін естідім…
Шалғайдан от боп шақырдың мені,
Жылу жоқ !
(Күңгіріт өлкеде күрсіну бар да  күлу жоқ.)
Аспанға ғашық жапырақ – бала жылап тұр,
Айтар ем саған топырақ қана сұлу деп.

*****
Қанаттары нұр сапырған,
Құс қайғым –
Қараңғылық құшағында ұшпайды.
Оның жым –  жырт көлеңкесін,
Көктемде
Сары күздің саусағымен ұстаймын.
Бұл – сағыныш,
Бұл – аспанға асығу.
( Күнге ғашық күлтегіннің нәсілі )
Тәңір сиы табиғатым – сол бояу,
Көк бөрінің көзіндегі жасыл үн.
Селіт еткенде ауыр ойлы қысқы орман,
Ақ бұтақтан мың бояулы түс тамған.
Соның бәрін қабылдаймын қайталай,
Қанаттары нұр сапырған құстардан.
Гүлдегенде құштарлыққа бай сана,
Ағарған шаш айналады майсаға.
Таңғы шықтай төгіледі сол құстар,
Қыс сұп- суық алақанын жайсада.
Сенің жым-  жырт көлеңкеңді,
Құс қайғым –
Сары күздің саусағымен ұстаймын.
…Адамдарға ертек айтып берем мен,
Ақиқатқа апаратын түс жәйлі…
ӘФСАНАЛЫҚ ӨЛЕҢ
Мезгілдің жұмбақ жырын жаттаған,
Балық қыз,
Адам бейнелі…
Әфсаналарым сыбырлап маған:
– Еркесі судың ! – дейді оны.
Ағынға қарсы ағады келіп,
Самғайды бейне құс болып.
Ағарған шәші жағаны көміп,
Жатады бір сәт түс көріп.
Қалықтап рухы қайтады күннен,
Жүрегін нұрға шомдырып.
Аспанға мадақ айтады,
Бірде –
Алақанына аққу қондырып.
Тағылым етіп тамызған дала,
Таңғы бір шықтай құс үнін.
Естимін бүгін аңыздан ғана,
Ей ! менің ерке мүсінім …
Елесің бастап барады мені,
Қиялша жым – жырт ғасырға.
Жабырқау ымырыт.
Жаралы бөрі
Қалмайды бір сәт қасымнан.
Бейуақ менің бесігім еді,
Балық қыз,
Сүйдім бұл шақты!
Тірі су тірлік есігім еді,
Анамдай алтын құрсақты.
Көз жетпес шексіз көлемге кірем,
Ұрғашы суға табынып.
Сосын бір мұңлы өлеңде жүрем,
Өзімді – өзім сағынып ….
‹‹Тарбағатай›› журналы, 2013 жылғы 3 саны

gu-gu.kz

4 ПІКІРЛЕР

  1. «күңгіріт өлкеде күрсіну барда, күлкі жоқ…» біздің қоғамның бамырын басып тұр мына бір жолы өлеңнің. қазақстанда өмір сүрген қазақтарда да дәл осындай… адалдықтың жолы ауыр.

  2. ақын деп осыны айтамыз. жаратылысының өзі ақын екен. жарайсың, бауыр, қаламың қарымды болсын!

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз