
Алматы полициясы көлік ұрлағандарды ізін суытпай ұстады. Аталған қылмыстардың бірі Әуезов ауданында орын алған.
«Нисан Премьера» көлігімен жолаушы тасымалдап жүрген таксист Жандосов-Саин көшесінің қиылысынан бір ер адамды алып кеткен. Діттеген жерге жеткен соң жүргізуші «ақшаны майдалауға» дүкенге кіріп кетеді. Оңтайлы сәтті пайдаланған жолаушы көлікті оталдырып, белгісіз бағытта кетіп қалған. Полиция қызмектерлері бірнеше минуттан соң «Ұстау» жоспары бойынша іске кіріседі», — деді қалалық ІІД әкімшілік полиция басқармасы жол-патрульдік полиция полкінің командирі Айтжан Әлмұхамбетов.
Іздеген көлікті «Буран-008» экипажы Мақатаев-Шәріпов көшелерінің қиылысынан табады. Қылмыскер көлікті жайына қалдырып, жаяу қаша жөнеледі. Алайда, полиция қызметкерлері оны джиптің астына жасырынып жатқан жерінен ұстады. Медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша оның мас болғандығы анықталды.
Осыған ұқсас тағы бір қылмыс Жетісу ауданында болды. Техникалық жөндеу стансасының 33 жастағы қызметкері жөндеуге қалдырылған «Мерседес» көлігін айдап шығып, жол апатына ұшыраған.
Көлік иесі келтірілген шығынды 600 мың теңгеге бағалап отыр. «Жоғарыда аталған деректер бойынша аймақтық ІІБ-да қылмыстық іс қозғалды», — деді Айтжан Әлмұхамбетов.
По сообщению сайта Nur.kz