Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Украинадағы жанжалдың тараптары саналы шешімге келеді деп үміттенеді.
![]() |
Ерлан Ыдрысов
|
«Соңғы уақытта Украинадағы және оның айналасындағы жағдайды реттеу мәселесі жалпы халықаралық қатынастардың және жеке Қазақстан сыртқы саясатының күн тәртібінің маңызды мәселелерінің біріне айналды. Бұл жағдайдың соңғы кездері ушығып кеткенін өкініш және қайғымен атап өтуге тура келеді. Бұл жағдайға тап болған тараптар әділ шешімге келіп, соның ішінде Минск уағдаластықтары негізіндегі шешімге келіп, қантөгіс тоқтатылып, Украина тұрақты әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси даму жолына қайта түседі деп үміттенеміз», – деген Ыдырысовтың дәйексөздерін СІМ баспасөз қызметі дүйсенбі күні ведомство сайтында келтіреді.
Ол қазақстандық дипломатияның басым бағыттарының бірі Украинада бейбітшілікке қол жеткізу болып табылатынын атап өтті.
«Украинадағы жағдай еліміз үшін ерекше ауыр және сезімтал болып отыр. Қазақ, орыс, украин халықтары ғасырлар бойы достық пен келісімде өмір сүріп келді», – деді ол.
Министр қазіргі күнде де елімізде қазақтар, орыстар, украиндықтар, немістер, поляктар, кәрістер, гректер және т.б. ұлт өкілдерінің өзара тату өмір сүріп, еңбек етіп келе жатқанын еске салды.
«Балаларымызды өсіріп, бірлік пен достықты нығайтып, ортақ Қазақстанымыздың болашағын барлығымыз бірлесіп қалаймыз», – деп хабарлады Ыдырысов.
«Қазақстан шиелініске қатысы жоқ тарап ретінде оны реттеу жолдарын ізденудің көпжақты консультацияларына белсенді қатысуын жалғастыруда. Көбінесе Елбасымыздың белсенді ұстанымының арқасында өткен жылы тамызда Қазақстан, Беларусь, Ресей президенттерінің Украина президенті мен ЕО жоғары өкілдерімен Минск кездесуі өтіп, дағдарысты бейбіт жолмен реттеу үрдісінің бастамасына жол ашты», – деп еске салды ол.
Министр өткен жылдың желтоқсанында мемлекет басшысының Германия, Ресей, Украина және Франция басшыларының «норманд форматтағы» келіссөздер үрдісін белсендіру мен жандандыруды көздеген бірқатар қадамдар жасағанын атап өтті. Ол осы елдердің басшыларымен Астана, Киев, Мәскеуде жеке кездесіп, телефон арқылы да байланысты.
«Осы борышын жалғастыру мақсатында ү.ж. қаңтарда президент Нұрсұлтан Назарбаев Берлинде Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесті. Қаңтар айының екінші жартысында ол АҚШ президенті Барак Обамамен телефон арқылы байланысып, әңгіме барысында Украина оңтүстік-шығысындағы ахуал мен оны реттеу жолдары да талқыланды», – деп хабарлады ол.
СІМ басшысы Қазақстанның Украинаға мүмкіндігінше гуманитарлық көмек көрсеткенін атап өтті.
«Шиелініске тартылған барлық тараптарды оның ушықтыруына және санкциялардың өзара алмасуына жол бермеуге, келіспеушіліктерді жоюдың дипломатиялық жолдарын іздеуді тоқтатпауға шақырамыз. Қазақстан кез келген форматтағы және кез келген деңгейдегі, соның ішінде «нормандтық форматтағы» келіссөздердің жалғасын қолдайды және келіссөздер алаңы ролін орындауға дайындығын білдіреді. Біз үшін маңыздысы – қантөгістің тезарада тоқтатылуы мен бұл дағдарыстың компромисс негізінде тұрақты реттелуі», – деп хабарлады ол.