«Өмірімде бір нәрсені ғана өзгертер едім»

0
450

marjan

Маржан Арапбаева

Астана. 8 ақпан. Baq.kz – 6 ақпан күні 37 жасқа толған танымал әнші Маржан Арапбаеваның туған күнін атап өткен еді. Маржан Арапбаева 1978 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында дүниеге келген. 1995-1999 жылдары Қазақ қыздар педагогикалық институтының музыка факультетінде оқиды. 2000 жылдары орта мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Сонымен қатар, Республикалық «Жас қанат» байқауына қатысып, дипломант атанады. 2003 жылы халықаралық «Азия даусы» байқауында бақ сынап, 3-орын иеленеді.

Талантты әншіні туған күнімен құттықтаймыз. Мол бақыт және шығармашылық табыстар тілей отырып, әншінің балалық шағындағы естен кетпес қызықты оқиғалары мен мәнді де мағыналы әңгімелерін назарларыңызға ұсынамыз.

Тәй-тәй баса бастағанымда ата-әжем ісік ауруына шалдығып, үйдегілер сонымен әлек болып, маған қарауға мұршалары келмепті. Сондықтан мені аяғымнан сандыққа байлап қояды екен. Мұны көрген әпкелерімнің бірінің маған жаны ашып, үйіне алып кетіпті. Үш-төрт жасымда өте толық болған екенмін. Сондықтан мені «боцман» дейтін. «Қарныңда не бар?» десе, «Көже, ет …» деп сайрай жөнеледі екенмін. Көбіне ұлдармен ойнайтын ем, шыбықты ат қып мініп шабатын кезіміз есімде. Көршілеріміз күрттер болатын. Олармен өте тату-тәтті тұрдық. Біз оларға таба нан берсек, олар бізге тандыр нан, пәндир беретін. Бір күні көршінің қызымен ұрсысып қалғаным есімде. Ашуланғаным сонша, кек алу үшін көршіміздің ауласында жаюлы тұрған кірді жинап алып, дәретхананың тесігіне тастап жібергенмін. Көршілер кірлерін іздей бастайды, барлығынан сұрайды, ешкім білмейді. Кезек маған келгенде шынымды айттым. Киімдерін дәретхананың тесігінен алып жатқаны есімде қалып қойыпты. Бір күні дәрігер болып ойнайтын болдық. Жанымда үш жігіт бар. Ғалымжан атты жігітті жаныма жүргізуші етіп алдым. Ал қалған екеуін емделуші етіп қойдым. Мен дәрігер болатын болдым. Сонымен бір жерден валидол немесе валерианка дәрісін тауып аламын. Ол жүректің дәрісі екен. Сырттары қызыл, домалақ. Сырты тәтті, бірақ ішінде не болып жатқанын білмейміз. Екі жігітке бір қорап дәріні ішкізіп, артынша су беріп қойдым. Кейіннен олардан «ауырғаныңыз қойды ма?» деп сұрап қоямын. Олар да «қойды, қойды» деп жауап береді. Кешкісін ойын бітіп, әркім өз үйіне қайтты. Үйіне барғаннан кейін балалардың басы айналып, жүректері айнып, өздерін нашар сезінеді. Анасы басында мән бермепті. Бір кезде жаңағы жігіт талып қалыпты. Екінші жігіт те үйіне барғанда есінен танып қалыпты. Сөйтіп екеуін ауруханаға алып кетті. Құдай сақтап, мен Ғалымжанды жүргізуші етіп қойып, оған дәрі берген жоқ едім. Ол содан бір ай бұрын ғана ауруханадан шыққан еді. Міне осындай қызық болған. Қазір ол жігіттер отбасын құрып, әке атанды. Мені көрген сайын «Маржан сен бізді өлтіріп қояйын деп едің ғой» деп әзілдейді.

Мен бір күні түнде аспанға қарап отырсам, бір жұлдыз құлады. Сол кезде «Алла менің арманымды естіші. Алматыға барып оқуға түсейінші, осы арманымды орындашы, жалынамын» деп жылағаным бар. Алла естіді деп ойлаймын. Себебі, Алматыға барып оқуға түстім, мектепте мұғалім болып жұмыс атқардым. Бір жылдан кейін мейрамханаларда ән айта бастадым. Ол кезде мейрамхана жұмысы енді көтеріліп, жақсы дамып жатқан еді. 5-6 жыл бойы сол жерде әнші болдым. Әншілердің арасында «кабакская школа» деген ұғым бар. Сол мектептен өткен әнші көп нәрсені көрген, білген, даусы да мықты деп түсінетін. Сондықтан мен кабактың мектебінен өттім деп ойлаймын.

Менің арманым ол сүйгеніммен бірге қартайып, немере сүйіп, сол немерелерімді мектепке апарып жүрсем. Сол күнге жетсем.

Мен өмірде бір нәрсені ғана өзгертер едім. Анам тірі болса, сол кісімен уақытымды көбірек өткізетін едім. Сонымен қатар, теңізге апарып, қыдырар едік. Осыны ғана өзгертер едім, ал қалғанының бәріне мен ризамын.

Ешқашан жаныңдағы адамдарды ұмытпау керек. Біз өкінішке орай, өсу керек, жету керек, танымалдылық, атақ, байлық, дәулет деп, мейірімділікті, адамды қолдау, түсіну деген сияқты қасиеттерден айырылып жатқан сияқтымыз. Сондай кезде мен бақыт деген бір биікке жету емес, жанымыздағы бауырларымыз, туысқандарымыз екен ғой деп ойлаймын.

Менің ойымша ән айтып жүрген адамға таланты Алладан беріледі. Егер Алла талант бермесе, ол қанша дайындалса да нағыз табиғи даусын көрсете алмайды. Мен өзімнің өнерге жақын болатынымды кішкентай күнімнен сезетінмін. Талпыныс, еңбек деп айтып жатады. Алайда менің ойымша бәрі адамның бағына байланысты.

baistars.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз