Әлемдік экономикалық дағдарысқа геосаяси текетірес қосылып отыр. Бұл туралы бүгін Ақордада өтіп жатқан үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысында елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Отырысты ашқан президент бүгінгі кездесу үкіметтің кеңейтілген отырысы болып саналатындығын, жиынға үкімет мүшелерімен бірге жергілікті әкімдер, басқа да ведомство басшылары қатысып отырғанын атап өтті.
«Былтырғы жылдың қорытындысын айтқанбыз, барлықтарыңызға белгілі. Жалпы алғанда дүниедегі дағдарысқа қарамай Қазақстанның экономикасы 4 пайыздан артыққа өсті. Басқа да шараларды қолдандық. Қазір, мінеки, дүниежүзілік экономика қиын-қыстау жағдайға тап болып отырғанын өздеріңіз көріп отырсыздар», – деді мемлекет басшысы.
Елбасы өз сөзінде экономикалық дағдарысқа геосаяси текетірестің де қосылып отырғанын баса атап өтті.
«Соның салдарынан әлемдік нарық белгісіздік жағдайға тап болды. Бұл әлем халықтарының ажырамас бөлігі ретінде Қазақстанға да ықпалын тигізеді», – деді президент.