6 жыл бойы азаматтық ала алмаған оралман амалсыздан Қытайға оралмақ

2
68

Астанада Қытайдан көшіп келгеніне 6 жыл өткен оралман азаматтық алмақ түгілі, қайтадан Қытайға кетуге мәжбүр. Полицейлер Жұмабек Мұсаны жаңа заң бойынша тіркеуде көрсетілген үйде тұрмағаны үшін айыппұл салып, паспортын Қытайға виза аштыруға жіберіпті.

6 жыл бойы азаматтық ала алмаған оралман амалсыздан Қытайға оралмақ
Ал үйінде бір баласы мен аяғы ауыр келіншегі күтіп отырған қандасымыз атамекенімнен қайтсем де кетпеймін деп жылап отыр. Қытайдан көшіп келгеніне алты жылдан асқан Жұмабек Мұсаның көші-қон полициясын жағалап жүргеніне 10 күннен асыпты. Шетелден келген қандасымыз алты жылдан бері азаматтық ала алмай жүргені өз алдына, шен таққандар енді паспортын да бермей отыр.

Базарда сауда жасап күнін көріп жүрген жігітке алдымен полицейлер жетіп келіп, сұрақтың астына алған. Артынша Жұмабекке «жаңа заң бойынша тіркеуде тұрған үйде тұрмадың, әкімшілік құқықты бұздың» – деген айып тағып, 30 мың теңге айыппұл салған.

Айыппұлын төлеп, паспортын сұрап келген жігітке полицейлер «сенің Қазақстанда қалуға құқығың жоқ, қайтадан Қытайға қайтуға тиіссің» – деп жауап қайтарыпты.

«Паспорттарымды алып қойды. Сұрап барсам, Қытайға шығарамыз деп кері қайтарды», – дейді Жұмабек Мұса.

Алты жыл бойы қағазбастылықтың кесірінен азаматтық ала алмаған Жұмабек Мұсаның Қазақстанда аяғы ауыр әйелі мен баласы бар. Отбасымен Астанада пәтер жалдайды, ал тіркеуге танысының үйіне тұрыпты.

Арманым атамекенде тұрсам деген азаматтың құжаты полицейлердің қолына өткелі тіпті көшеге шығудан қалыпты. «Бала-шағамды қалай асыраймын» – деп жылаған жігіт мұндай қорлықты Қытайда да көрсетпеп еді деп отыр.

Ешқайда шыға алмаймын. Не жұмысқа бара алмаймын, көшеге шыға алмаймын, өйткені тағы да тексереді, тағы алып кетеді.

«Ешқайда шыға алмаймын. Не жұмысқа бара алмаймын, көшеге шыға алмаймын, өйткені тағы да тексереді, тағы алып кетеді. Құжатсыз жүргенім оларға тіптен жақсы болады», – дейді Жұмабек.

Ал полицейлер «Жұмабек Мұсаны заң бойынша жазаладық, ол тіркеуде көрсетілген мекен-жайда тұрмаса, Қазақстаннан шығаруға мәжбүрміз» – дейді.

«Талапты орындауға жағдайы жетпесе ол біздің шаруамыз емес, обалы осындай заңды қабылдаған депутаттарға» – деп отыр. Ал зар жылаған қандасымыз «қайтадан Қытайға көшіп, тек бір жылдан кейін азаматтық алуға өтініш беруіне болады» – дейді.

«Азамат қазір шығу визасын шығып қайтадан қонақ ретінде бір жыл ішінде қайтадан тапсыруға болмайды. Бір жылдан кейін тапсыруына болады», – деп жауап берді Астана қалалық ІІД КҚПБ аға инспекторы Ринат Құрманғалиев.

Ал отбасы бар оралманның қайтадан Қытайға қайтқысы жоқ. «Маған керегі азаматтық пен атамекен ғана» – дейді.

«Азаматтық алып,  өз елімде қалсам деймін. Әке шешемді тастап келдім өз отаныма.Мұнда мені қайтадан қуып жатыр. Мен әйелімді,  баламды не істеймін, жетімханаға берем бе? Әлде көші-қон полициясына беремін бе?. Елім деп келген қазақтарды қаңғыртпаса екен», – дейді Жұмабек Мұса.

Азаматтық алмақ түгілі Жұмабек Мұса 15 күн ішінде Қазақстаннан Қытайға кетуі тиіс. Егер өз еркімен шекарадан шықпайтын болса, көші-қон полициясы депортация жасауға мәжбүрміз дейді. Ал осы Жұмабек Мұса секілді заңды бұзды деген сылтаумен атамекеннен қанша қандасымыздың қуылғанын ешкім дөп басып айта алмайды.

Источник: 31 канал

2 ПІКІРЛЕР

  1. тіркеуде көрсетілген үйде шетелден келгендерді қойып, өзіміз тұрамызба. бұл сылтау. бастығына бірдеме бермегені үшін кінәлі болып отыр.

  2. КТК теле арнасына шығару керек. сылтаулары осы ғана болса, жауап беріп көрсін.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз