ӨМІРІ ҚАЗАҚ БОЛЫП ӨТКЕН ГЕРАҒА МӘҢГІ ҚАЗАҚ БОЛЫП ҚАЛДЫ

0
152

Ол өз өтініші бойынша Кеңсайға жерленді

Дарынды  жазушы, көрнекті көсемсөзші, аудармашы, эссеші   Герольд  Бельгер 81 жасында 6-шы рет ұстаған жүрек талмасынан қайтыс болды.

Герольд Бельгер неміс, қазақ, орыс тілдерінде 76 кітап жазған, 2000–ға жуық мақалалары жарияланған дарынды қаламгер еді. Ол қазақ халқының ұлттық ерекшелігін насихаттап, ұлттық мүддесін қорғап жүруімен “ең соңғы қазақ” атанған нағыз қазақ болатын.

Ел есінде қалған ерен істерінің бірін ғана айтсақ, 1987 жылы Мұхтар Әуезовтың 90 жылдығында Семейде барлық қазақ жазушылары бірі қалмай түгел Ресей тілінде сөйлеп жатқанда тек неміс Герольд Бельгер ғана:  “Ұлы Әуезовтың 90 жылдығында Әуезовтың тілінде сөйлейтін бір де бір жазушы қалмапты. Ең соңғы қазақ мен екенмін”-деп, қазақ қаламгерлерінің  масқарасын шығарып, қазақ тілінде қатырып тұрып сөйлеген еді…

Дүние – жалған деген осы! Енді міне, бүгін Алматыда, Мұхтар Әуезов атындағы ұлттық театрда қазақ елі қазақтың көрнекті жазушысы, аудармашысы, көсемсөзшісі, қайраткер азаматы  Героль Бельгермен қоштасты. Сүйікті жазушыларын соңғы сапарға шығарып салуға Қазақстанның көптеген өңірінен ол кісіні қадірлейтін оқырмандары арнайы келді.

Өмірі қазақ болып өткен Гераға өлімімен де қазақ болып қалды!  Өз өтінішімен мұсылмандар зираты Кеңсайға жерленді. Бесінші инфаркт алып, көлікке зорға сүйеп мінгізіп жатқанда рухани баласы Ермек Тұрсыновқа айтқандай, «Егер олай-бұлай болып кетсем, мүмкіндік болса, қолдарыңнан келсе, мені Кеңсайға – қазақ қаламгерлерінің қасына, Асқар Сүлейменов досымның жанына жерлеңдер!» – деген ең соңғы қазақтың ең соңғы сөзі – аманаты орындалды. Герағамыз ел атап кеткендей, «ең соңғы қазақ» деген теңеуге лайық бола біліп, ешкімнің қолынан келмейтін ерлік жасады. Өзі жанындай сүйген Қазағы үшін! Өзі жанындай қорғаған Қазақ мүддесі үшін! Өзі отымен кіріп, күлімен шыққан Қазақ  әдебиеті үшін!

Әуезов театрында да, Кеңсайда да, асы берілген «Жұлдыз» мейрамханасында да жұрт сыймай кетті.  Кеңсайда бейіт басында атақты Амантай қажы аңыратып, құран оқып, дұға жасады. Салтымыз бойынша садақа таратылды.

Герағаң Гетенің ұлтынан болғанмен, Абайдың жұртынан еді…  Ол жеті жасында жерін басқан Қазақ еліне деген перзенттік махаббатынан өмір бойы айнымады. Істеген ісімен де, айтқан сөзімен де, жазған жауһар шығармаларымен де, алапат адал еңбегімен де, азаматтық ұстанымымен де ең соңына дейін айнымай, ақыры – Мәңгілік  мекенін таңдауда да  Қазақтардың ортасына барып жайғасты – жаны жай тапты. Тірісінде қазақтармен, қазақ қаламгерлерімен бірге, қатар жүрген Герағам, о дүниеде де бірге, қатар жатыр!..   ӨМІРІ  ҚАЗАҚ БОЛЫП ӨТКЕН ГЕРАҒА   МӘҢГІ ҚАЗАҚ БОЛЫП ҚАЛДЫ.

Біздің қазіргі жағымыз талмай жырлап келе жатқан халықтар достығы, ел мен елбасының ерекше екпін беріп айтатын ұлтаралық ынтымақ, бірліктің символы, міне, осылай болу керек! Тек қазақтың  көнбістігінен құрылған, біржақты, жауапсыз, жасанды «бірліктің» тірлігі татымсыз, «ынтымағы» ырыссыз  болады.  Биыл 20 жылдығын тойлап жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясын бар мүшелерімен Ақиқат таразысының  бір бетіне, Герольд Карлұлы Бельгерді екінші бетіне қойсаңыз, Герағаң айқын басып кетеді! Бұған  кешегі кеңестік жалған интернационализмнен әлі арыла қоймаған, ұлттық мүдде десе, ұйқысынан шошып оянатын біздің бишікештер қанша жанталасқанымен, шындық осы! Қазақтың нанын жегенмен, қамын жемейтін, шамасы келсе, шалып қалғысы келетіндер толып жатыр. Ондайлар өз қазағымыздың ішінде де аз емес.

Міне, қазақ халқы ұлты бөтен деген жоқ, жетпіс жастан, жеті жасқа дейін  құрметтеп, қимай шығарып салды. Мұндай елдің ерекше құрметін иеленген қазақ қаламгерлері мен қайраткерлерінің өзі де көп емес…  Елдің алдымен  Елбасының өзі көңіл айтты. Солтүстіктен, Оңтүстіктен, Шығыс, Батыстан, Астанадан ағылған жұрт топырақ салып, қоштасып қалуға, құрмет көрсетіп қалуға асықты. Герольд Бельгердің қызы Ирина аста жылап тұрып алғыс айтқандай, Герағамызбен қоштасуға таяғына сүйеніп, сүйегін сүйретіп зорға келген ақсақал, бірінің аты – Герольд, екіншісінің аты- Бельгер, екі немересін ертіп келген қазақтың қариясы, бүкіл зиялы қауым, ғаламторды жарып жіберген жаны азалы жамағат,  қарақұрым ел, мұның бәрі – Қазақтың өзінің мұңын мұңдап, жырын жырлаған тарлан ұлына деген лайықты құрметі еді.

Мұсылмандар зиратына жерленген Герағамызға арналған астың соңында да Ер Амантай қажы құран бағыштады. Міне, тек ұлтаралық татулық қана емес, дінаралық ынтымақ дегеніңіз де осы – Герольд Бельгер бейнесі!

Менің Кеңсайда тұрып, Фейсбукқа салған жазбама әлеуметтік желіде жаппай көңіл айтып жатқан ел түгел Герағама «Иманды болсын» айтуда. Иә, халық айтса, қалт айтпайды. Мұсылмандық, имандылық Герағаңа жүрегімен,  ісімен, қазаққа деген ақ адал ерен еңбегімен келді!..

Герағамыз  2014 жылы, ең соңғы шыққан “Казахское слово” деген қазағына арнаған кітабында да: “Жаратушы еш халыққа дәл   қазақтардай дарын сыйлаған жоқ. Өкініштісі, қазақтардың өзі мүны  нашар түсінеді және сол дарынын болмашыға шашып, рәсуа етеді”, – деген екен.

Герағамыздың “Қазақ үні” газетінде талай мақала-сұхбаттары жарық көрді. Кезінде “Дат” газеті біраз уақыт жабылып қалғанда, әйгілі “Плетенье чепухи” жазбаларын біздің газетте жариялап тұрды.

Ең соңғы қазақ Герағаңның  ең соңғы мақаласы да  қазақтарға арналды. Қазақ тілінің ауыр  тағдырына арналған  “Тіл туралы тезистерін”  (“Ана тілі” сайты қосымшасы)  “Чего не хватает современным казахам?” деген тақырыппен  орыс тілінде 3 ақпанда жариялаған біздің “Қазақ үні” газеті Герағамыздың көзі тірісіндегі ең соңғы басылған жарияланымы болып қалды…

Бүгін, нағыз нартұлға қазақ, қадірлі Герағамызды қайтпас сапарға шығарып салып тұрғанда,  ең соңғы қазақтың әруағын тербете отырып, ең соңғы сөзін тағы бір еске алайық. Қазақтардың ең болмаса, қаза үстінде сөз тыңдайтынынан үміт етіп, тағы бір қайталап өтсем деймін.  Ал, бүгінгі қазақ тілін таптап, орыс тілінде сарнап жүрген  заманауи қазақтар тыңдаңыздар:

“Тіл өлсе, демек, халық өледі. Аз халықтың тағдыры осы. Тіл тек қатынас құралы емес. Ол – халықтың жүрегі, жаны, ділі, діні, мақсат-мүддесі, ой-арманы, болмыс-тірлігі.

Көптен бері ұлттық идея іздеп келеміз. Бабаларымыз  өсиет етіп қалдырған қазақ тілін  -қазіргі мемлекеттік тілді сақтау мен дамыту біздің  жалпыұлттық идеямыз  болуы керек. Қазақты біріктіретін бірден-бір қасиетті күш ана тілі болуы керек.

Қазақ тілі – жаралы тіл. Оған күн сайын жара салатын өзіміз. Сөйтіп жүріп, атадан қалған рухани байлықты,  жалғыз байлығымыз – тілді құртамыз.

Бүгінгі қазақтарға не жетпейді?  Ұлттық жетістік сезімі жоғалып барады. Намыс, жауапкершілік  жетпейді. Өзінің тілі мен халқына  құрмет жетпейді. Баяғы қазақшылық: «Әй, қойшы! Өзіміздің тіліміз ғой. Қайда қашар дейсің?

Министр, депутаттарды, Президенттің маңайындағы “білгіш-белсенділерді” қазақша сөйлету керек. Сөйлей алмайды екен, кеуделеріне үлкендігі таба нандай «Мылқау» орденін тағу керек.

Тілді зорлап үйрету мүмкін емес. Иә, қажеттілікте үйренеміз (мәселен, бізден Алманияға көшкен немістер қазіргі немістің тілін амалсыздан үйренді, өйткені онсыз күні жоқ). Ана тіліңе зәру болмасаң, қалай үйренесің!?”

Ендеше, ең соңғы қазақтың ең соңғы өсиетін  қаперге алайық, қазақ халқы!..

Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа болсын, қадірлі Гераға!  “Ең соңғы қазақ”  ең соңғы қазақ қалғанша ұмытылмайды…

Кеңсайдағы жатқан жеріңіз кең болып, жаныңыз жәнаттан жай тапсын, асыл ағамыз Гераға! Біз сіздің Асқардай ақиық қаламгер достарыңызбен қатар жүргеніңізге имандай сенімдіміз!

Қош, қазақтың Герағасы!  «Ең соңғы қазақ» ең соңғы қазақ қалғанша ұмытылмайды!

10 ақпан 2015 жыл

Қазыбек ИСА,

qazaquni.kz

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз