
Минскіде Ресей, Франция, Германия және Украина көшбасшылары Владимир Путиннің, Франсуа Олландтың, Ангела Меркельдің және Петр Порошенконың «норманд төрттігі» келіссөздері басталды.
Минскідегі кездесу Франция президенті мен Германия канцлері өткен бейсенбіде бастаған байланыстарды жалғастыруда: сонда екі еуролық көшбасшысы Украина президентімен келіссөздер жүргізу үшін Киевте болған еді, ал келесі күні олар Мәскеуде болып Ресей мемлекетінің басшысымен кездесті, ал жексенбі күні барлық төрт басшының телефон арқылы үнқатысуы болды, деп хабарлады РИА Новости.
Кездесуді өздерінің байланыстары барысында төрт елдің сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары әзірледі, сонымен бірге оның алдында Донбассты реттеу жөніндегі байланыс тобының отырысы болған еді.
Минскіге келу алдында барлық тараптар мәлімдеме жасаған. Халықаралық БАҚ Порошенконың бұл келіссөз қақтығысты тоқтатуға арналған соңғы келіссөз болуы мүмкін екендігі туралы сөзін таратқан деп хабарлайды Азаттық.
Бұған дейін осыған ұқсас сөз Меркель мен Олландтың аузынан шыққан. Былтырғы көктемде Ресей Қырымды аннексиялап алған соң Украинаның шығысында қарулы сепаратистер бас көтеріп, бүгінге дейін Донецк және Луганск облыстарында соғыс жүріп жатыр. Осы қақтығыс кезінде өлгендер саны 5 мыңнан асып кетті.
Украина дағдарысы кезінде Батыс пен Ресейдің арасы Қырғи-қабақ соғыс кезеңінен бері бірінші рет қатты нашарлап тұр.
Былтыр қыркүйекте Украина мен Ресей өкілдері Минскіде оқ атуды тоқтату туралы келісімге қол қойған. Бірақ соңғы айларда жағдай ушыға түскесін өткен аптада Германия мен Франция Ресей мен Украинаға жанжалды реттеу бойынша жаңа ұсыныс жасаған.
Бұл ұсыныстың БАҚ-қа мәлім болған аз бөлігінің бірі қақтығыс аймағында ені 70 шақырымдық оқ атылмайтын зона құру туралы болатын.
По сообщению сайта Nur.kz