МИНСК КЕЗДЕСУІ НӘТИЖЕ БЕРЕ МЕ?

0
55

Әне болады, міне болады деп ТМД кеңістігін ала тайдай бүлдіре жаздаған НОРМАНД форматындағы әйгілі төрттіктің Минск кездесуі кеше басталып та кетті. Путин мен Порошенконың екеуара қол алысуымен басталған кездесуде Ресей, Германия, Франция және Украина елдерінің басшылары не мәселені талқылады? Қандай уағдаластыққа қол жеткізді? Кездесудің «күн тәртібіне» қойылған Украинадағы Оңтүстік-Шығыс проблемасы шешілетін болды ма?

«112 Украина» телеарнасының хабарлауына қарағанда, Минск кездесуінде Донбасстағы текетіресті реттеу проблемасына қатысты мәселелер толық шешімін тапқан көрінеді. Әйтсе де «әлі ешкім мойындай қоймаған» Донецк және Луганск Халық республикаларының аумағындағы Ресей-Украина елдерінің шекарасына бақылау жасау мәселесінің басы ашық қалып отыр. Сондай-ақ, Минскідегі келіссөз барысында аталып отырған шекаралық аймақтардағы шекара қызметінің кадрлық құрамын міндетті түрде жергілікті тұрғындар арасынан жасақтау жөнінде ұсыныстар жасалды. Мұнымен қоса оккупацияланған аумақтарда «халықтық милиция» құрамаларын құру мен осынау аймақтағы жаңа билік өкілеттігінің мерзімі мәселесі де кездесу кезінде актуальді мәселелер ретінде қаралды. «Минскідегі келіссөз аса күрделі жағдайда өтіп жатыр десек те, кездесу қорытындысы сәтті аяқталады деп үміттенеміз» деді аталмыш телеарнаға берген түсініктемесінде Украина сыртқы істер министрлігінің өкілі Евгений ПЕРЕБИЙНИС мырза.

Есімізге түсіре кетер болсақ, Ресей, Украина, Франция президенттері Владимир Путин, Петр Порошенко, Франсуа Олланд және Германия канцлері Ангела Меркель қатысып жатқан НОРМАНД форматындағы Минск кездесуі кеше тоғыз сағаттан астам уақытқа созылып, онда НОРМАНД төрттігі келіссөз барысында көтерілген мәселелердің таза техникалық жақтарын талқылаған болса, бүгін – яғни ақпанның он екісі күні Украина конфликтісіне қатысты құжаттарға қол қойылуы мүмкін.

 

Марат МАДАЛИМОВ.

 

Абай.kz 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз