
Кәсіпкерлік бөлімінің бастығы Әмірхан Үсеновтің атап өткеніндей, президент тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында Талдықорған әкімдігі ірі сауда үйлеріне, супермаркеттерге және басқа да кәсіпкерлік нысандарына отандық өндіріс тауарларының бөлек сөрелерін жасау жөнінде ұсыныс жасады.
Қала басшылығының шақыруына сол бойда ірі супермаркеттер желілері, құрылыс материалдары дүкендері дереу үн қатып, көрнекті жерлерде, сондай-ақ өндірілген елін көрсетіп, бөлек сөрелерге отандық өндіріс тауарларын қойды.
Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков те Қарағанды супермаркеттерінің бірінде болып, отандық өнімдердің түр-түрімен танысты.
«Мен сөрелердегі біздің, қазақстандық, қарағандылық өнімдердің қаншалықты екенін көру мақсатында келдім. Бізде жергілікті өндірістің барлық базалық өнімдері — сүт өнімдері, шұжық, ет өнімдері, кәмпит және басқалары бар екенін атап өткен жөн», — деді Әбдібеков журналистерге берген сұхбатында.
Облыс әкімі бірқатар өнімдерді саудалады. Оның себетін отандық тауарлар ғана: картоп, шұжық, бір қорап ұн, сүт сусындары, кәмпит, түшпара орамы және бөлке-нан толтырды.
«Мен барлығын 3800 теңгеге сатып алдым», — деп нақтылады Н.Әбдібеков кассада ақшасын төлегеннен кейін.
Өңір басшысының айтуынша, ол отандық өндірістің сүт өнімдерін ғана пайдаланады және жергілікті шұжық өнімдерін алады.
«Егер киім жөнінде айтар болсам, бүгінде отандық өндірушілердің тігін өнімдері аздау. Жәрмеңкелердің бірінен өзіме, балаларға ұйық (жергілікті өндірістікі — ескерту) сатып алдым. Сапасы жақсы», деп қосты Нұрмұхамбет Әбдібеков.
Супермаркет иелері сөрелеріне отандық және жергілікті өндіріс тауарларын толтырып, «Қазақстанда жасалған» акциясына қолдау көрсетті.
Журналистер өңір басшысының қасына еріп жүрген Қарағанды қаласының әкімінен қандай жергілікті брендті білетіні жөнінде «емтихан» алды.
Қала басшысы азық-түлік өнімдерін шығаратын жиырмаға тарта фирманы мүдірмей атап, сыннан сүрінбей өтті.
По сообщению сайта Nur.kz