«Қазақстан дауысы» танымал музыкалық жобаның жеңімпазы атағына төрт үміткердің қайсысы ие болады? «Қазақстан дауысы» мега-жобасының бас сыйлығы – 5 млн. теңге кімге бұйырады? Осының барлығы алдағы жексенбі күні белгілі болады.
Шоу-бизнес әлеміндегі ең танымал музыкалық жобаның озық шыққан төрт үміткерімен жақын таныс болыңыздар.
Екі баланың әкесі және қолөнерші болуды армандайтын Мақсат Мақұлбеков
Мақсат Мақұлбеков – «Қазақстан дауысы» мега-жобаның Гранд-финалына шыққан төрт үміткердің бірі. Тәлімгері – Медеу Арынбаев. Финалға шыққан үміткерлердің ішінде отбасын құрған жалғыз қатысушы.
Жобаға келгенге дейін Абай атындағы МАОБТ-та қызмет етті, «Аңсар» тобының әншісі. Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыка колледжінің түлегі. Қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваторияның магистранты.
Үйленген. Екі баласы бар. Өміріндегі ең бақытты сәттерінің бірі – Мейіржан мен Мирас атты екі ұлының дүниеге келген күндері. Бос уақытын отбасымен өткізгенді жөн көреді. Мақсаттың ұстанымы: «Нағыз отбасы – бұл өзіңді жақсы көретін және әрдайым күтіп тұратын қорғаның, бұзылмас қамалың».
Бала кезінде Джеки Чанды, Жан Клод Ван Даммды пір тұтқан. Бұл әуесқойлығын күреске қатысып, осындай ірі денелі актерлерді ұнататынымен түсіндіреді.
Мақсат итальяндық тенор Лучано Павароттидің туындыларын жалықпай тыңдайды. «Егер ән айтпаған жағдайда, күреспен немесе жиһаз жасайтын цех ашып, ұста болар ма едім?!», – деп сырын ақтарады.
Индира Еділбаева әнді ғана жақсы айтып қоймайды, сонымен қатар ағылшын тілін жетік меңгерген
«Қазақстан дауысы» мега-жобасының келесі үміткері – Индира Еділбаева. Атырауда дүниеге келген. 7 жасына дейін Ақтауда, кейін Ақтөбеде өскен. Соңғы екі жыл бойы Алматы қаласында тұрады. Жұбанов атындаңы Ақтөбе Мемлекеттік Университетін ағылшын және неміс тілдерінің аудармашысы мамандығы бойынша аяқтаған. Өмірлік ұстанымы: «Қандай жағдай болмасын, өз қалпыңнан тайма!». Тәлімгері – Мәдина Садуақасова.
«Қазақстан дауысы» мега-жобасына дейін Индира вокалды-аспапты ансамбльде тәжірибе жинақтап, жұмыс істеді. Аталған жоба Индира үшін көкейінде жүрген арманына апаратын жол.
Индира отбасында жалғыз бала. 13 жасында әкесі дүниеден өтті. Индира: «Анам әкемнің, ағам мен әпкемнің орнын басқан ақылшым, тірегім», – деп өз ойымен бөліседі.
«Анам, мектепте ағылшын тілінен сабақ береді. Анамның арқасында ағылшын тіліне, шетел әндеріне деген қызығушылығым оянды. Әлі есімде, 5 жасар кезімде анам магнитафоннан Mariah Carey-дің таспаларын қосатын, оның әндеріне билеп, ыңылдап ән салып, үй шаруасымен айналысатынбыз», – дейді Индира.
Жеке қалғанда Sade атты әншінің әндерін тыңдауды ұнатады. «Жанымды тербетер, дауысы керемет әншілердің бірі. Мен бір бағыттағы ғана музыканы тыңдамаймын, рокты да, кейде қазақтың халық әндерін де тыңдаймын», – дейді Индира.
«Егер ән айтпасаң, немен айналысар едің?», – деген сұраққа: «Шетел компаниясында мамандығым бойынша аудармашы болып қызмет істер едім. Анам өмір бойы аудармашы болғанымды және өмірімді ағылшын тілімен байланыстырғанымды қалайтын, бірақ мен ән айтуды жөн көрдім», – деп жауап берді.
Данияр Исмаилов домбыраны асқан шеберлікпен тартады және әскери оркестрдің жеке орындаушысы
«Қазақстан дауысы» мега-жобасының үшінші үміткері – Данияр Исмаилов. Тәлімгері – Нұрлан Албан. Данияр Түркістан қаласының тумасы, Шымкент қаласындағы А.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті өнер факультетінің түлегі. Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы әскери оркестрдің жеке орындаушысы. Мінезі салмақты. «Қазақстан дауысы» жобасына дейін колледж студенттеріне домбыра тартуды үйрететін.
Ән шығарып, терме орындайды. Арманы атақты әнші болу. Қазақстанның эстрада орындаушыларын жиі тыңдайды. Бала кезінен Досхан Жолжақсыновты, Нұрлан Өнербаевты, Бекболат Тілеуханды пір тұтады. Өміріндегі ең қуанышты сәті мектепті үздік аттестатқа аяқтаған кезі. «Егер әнші болмасам, бизнеске кетер едім», – дейді Данияр.
«Қазақстан дауысы» жобасы болмаса, мұнайшы болар едім» – Бауыржан Ретбаев
«Қазақстан дауысы» мега-жобасының соңғы үміткері – Бауыржан Ретбаев. Тәлімгері – Алмас Кішкенбаев. Маңғыстау облысының тумасы. Қазіргі уақытта Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында эстрада вокалы мамандығы бойынша білім алуда. 2013 жылы Ш.Қалдаяқов атындағы халықаралық конкурстың үшінші орын жүлдегері.
Спортпен шұғылданады. Нақты айтқанда, отандық футболдың жанкүйері. Әншілерден Мейрамбек Беспаевтың, Ақылбек Жеменейдің және «Заман» тобының әндерін тыңдайды.
Туған-туыстары және жақындары еркелетіп, «Баукабай» немесе «Баука» деп атайды.
Өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі туған күнін атап өткен Италияға жасаған сапары.
«Егер әнші болмасам, жерлестерімнің басым көпшілігі сияқты мұнайшы болар ма едім?», -деп, Бауыржан ойымен бөліседі.