Мұрат Оспанов миллиондап жеген ақшасын миллиардтап қайтаратын болды

2
65
Мұрат Оспанов миллиондап жеген ақшасын миллиардтап қайтаратын болды
Миллиондап жеген ақшасын енді миллиардтап қайтаруы тиіс. Бүгін Астана соты Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бұрынғы басшысы Мұрат Оспановқа үкім кесті деп хабарлайды КТК арнасы.Қызметін пайдаланып, пара алған экс-шенеунік сот залынан босатылғанымен, 1 миллиард 101 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Тек ай ішінде мұндай соманы таба алмаймыз деп Оспановтың келіншегі жылап отыр.Енді туған-туысынан жылу жинауға тура келетін секілді. Ел тарихында бірінші рет, сот айыбы дәлелденген шенеунікті түрмеге тоғытпай, осындай қыруар айыппұл салғанын айта кетейік.

Бүгін Оспанов сот залына соңғы рет келді. Үкім шығарда оны қолдап, қасынан табылған туыстары да көп. Талай шенеуніктің тағдырын шешкен судья Ербол Рақымбеков болса ұзақ күттірмеді. Оспановқа қатысты үкімді не бары 10 минуттың ішінде оқып шықты.

«Сот Мұрат Оспановты кінәлі деп тапты. Жазасын айыппұл төлеу арқылы өтесін. Сондай-ақ, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылсын», — деді  судья Ербол Рақымбеков.

Мұны естіген Оспановтың өзі сыр алдырмады. Қасқайған күйде қарап тұр. Десе де, туыстары осы үкімнің өзіне шүкіршілік еткендей. Тура сот залында бірін-бірі құшақтап, құттықтап, телефон арқылы сүйінші сұраумен болды.

Оспанов жаңа қылмыстық кодекс бойынша жазаланып отырған алғашқы шенеунік. Яғни, бұрынғыдай темір торға тоғытылмай, миллиондап жеген мемлекеттің ақшасын енді айыппұл ретінде миллиардттап қайтаруы тиіс.

Тек судья кескен соманы жақын маңайда төлей қоятын қауқар жоқ деп отыр Оспановтың әйелі.«Ақша жоқ, ондай бізде», — дейді Оспановтың жары.

Ал адвокаты Оспановтың қылмыскер деп танылғанына көңілі толмайды екен, әріқарай шешімді экс-шенеуніктің өзі шешеді деді.

«Кереметтей жақсы деп айта алмаймын. Себебі, бас бостандығынан айырмағанына қуанып отыр. Сот оны пара алу бабы бойынша кінәлі деп тапты. Әрі қарай не боларын Мұрат Оспанов өзі шешеді», — деді  Мұрат Оспановтың адвокаты Хамида Айтқалиева.

Оспановтың өзі сол күйде тіл қатқан жоқ. Қуаныштары қойындарына сыймаған туыстарымен бірге қымбат көлігіне отырып кетіп қалды. Әкесін қолдауға бүгін қызы да келген екен. Тергеушілер Оспановтың осы қызының тойына деп пара алғанын дәлелдеген болатын.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы 7 айын тергеу изоляторында өткізді. Тек сот ісінің өзі үш айға созылған.

Оспанов «электр энергиясының құнын көтеру үшін «Атырау жарық» компаниясынан 300 мың доллар пара алды» деген күдікпен ұсталған болатын.

Дегенмен, экс-шенеунік мұны пара емес, досымнан қарызға алған ақша деп ақыры мойындамай кетті.

Енді экс-шенеунік бір айдың ішінде 1 млрд. 101 миллион 60 мың теңге айыппұлды төлеуі тиіс. Сондай-ақ, оның меншігіндегі бар мүлкі: Астана мен Семейдегі жер телімі, тергеу кезінде үйінен табылған 37 мың доллар, әйелі мен қызының банктердегі 780 мың доллар қаржысы, қымбат сағаты мен өзге де құнды заттары түгел тәркіленеді.

Сонымен қатар, Оспановқа пара берді деп айыпталған Арман Ақтай да бүгін ақталып шықты.

По сообщению сайта Nur.kz

2 ПІКІРЛЕР

  1. ол миллиондап қанша рет жагенін ит білеме, бірақ рет миллиарт қайтарады.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз