
Қызмет бабын асыра пайдаланды деп айыпталған Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевті уақытша қамау мерзімі тағы екі айға ұзартылды.Бұл туралы Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық сотының баспасөз хатшысы Әлия Жошева хабарлады.
«Бауыржан Әбдішевтің уақытша қамау мерзімі 2015 жылдың 23 ақпанында аяқталуы тиіс болған. Тергеу қылмыстық істің материалдарымен танысу мерзіміне байланысты уақытша қамау уақытын ұзарту туралы өтінді. Сот бұл өтінімді қанағаттандырып, Әбдішевтің қамау мерзімін тағы екі айға, 2015 жылдың 23 сәуіріне дейін ұзартуға санкция берді», — деді Жошева.
Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысының бұрынғы әкіміне Қылмыстық кодекстің 307-бабының 4-бөлімі бойынша айып тағылды. Тергеу бойынша, Әбдішев жаяужол плиткасын жасаумен айналысатын «ЕуроСтандарт Қарағанды» ЖШС зауытының мүддесіне болысқан.
Істің материалдарына сәйкес, кәсіпорын танысының атына рәсімделген. 2012 жылдың қаңтары мен мамыр айында «ЕуроСтандарт Қарағанды» ЖШС мен «Мәдениет, демалыс және гүлзарлар саябақтары басқармасы» КМК арасында жасалған келісімшарттар сомасы 1,2 млрд теңгеден асатыны айтылды.
Бауыржан Әбдішев Қарағанды облысының әкімі болып 2013 жылдың қаңтарында тағайындалды. 2014 жылдың маусым айында ол өз өтініші бойынша отставкаға жіберілді.
По сообщению сайта Nur.kz