

Ұлттық бұйымдарға сұраныс жоғары. Айнагүл Секей тігіншілік өнерді 10 жасында меңгеріпті. Әжелердің қасында жүн түтіп, киіз басып, текемет тоқудың қыр-сырына қанық болған. Кейін бұл кәсіпті табыс көзіне айналдырды. «Қазақтың түскиізге басатын әрбір ою-өрнегінде үлкен тәрбиелік мән-мағына жатыр», – дейді шебер. Айнагүл Секей, қолөнер шебері: – Түскиіз күрмектеп тігілген. Мына бір дүние жүрекше болып келген. Жастардың жасауына арналған. Бұған бір айдай уақыт кетті. Шетіндегісін шыраш деп айтады, торкөз шыраштар, сағатбау, құлақбау дейді. Сағы сынбасын деп салады. Тіл-көз тимесіндеп шыраштайды. Айнагүл Секей бір түскиізді көзмайын тауысып бір ай тігеді. Малдың терісі мен жүнінен көрпе-жастық, киім-кешек, кілем, тағы да басқа ұлттық нақыштағы кәдесыйларды жасайды. «Сұраныс көп, кейде үлгере алмай жатамын», – дейді ол. Сондықтан шеберхана ашуды жоспарлап отыр. Айнагүл Секей, қолөнер шебері – Жеке шаруашылықты дамытқымыз келеді. Үш қызыммен бірігіп үлкен жұмыс орнын ашып, жастарды баулысақ дейміз. Қолөнер шебері кейінгі жылдары әсіресе ұзатылатын қыздың жасауына қажетті бұйымдар мен ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген киімдерге деген сұраныстың артып келе жатқандығын айтады. Ал тапсырысты уақтылы орындау үшін жұмыс күші қажет. Осыған орай шебер кәсібін кеңейту үшін мемлекеттен көмек алғалы отыр.
Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/50103-zho-ary