2022 жылғы қысқы Олимпиада астанасын таңдарда Алматының артықшылығы қандай?

0
431
2022 жылғы қысқы Олимпиада астанасын таңдарда Алматының артықшылығы қандай?
2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге үміткер ретінде Алматы қаласының басты артықшылығы — спорт нысандарының бір-біріне жақын орналасқандығында.

Бұл туралы бүгін Алматы қаласында өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері бойынша комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов мәлімдеді.

Оның айтуыншы, бұл жетістік 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының астанасын таңдарда шешуші роль атқаруы мүмкін.

«Олимпиада ойындары — спортшылар үшін ғана емес, бүкіл әлем халқы үшін үлкен мереке. Өйткені бұл әлемдік ойындар ғой. Біз 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарын өткізуге берген өтінішіміздегі барлық кемшіліктерді ескердік. Мен талай әлемдік спорт шараларына қатысып жүрмін. Кейде Олимпиада ойындарының ашылу, жабылу салтанаты өтетін стадионға сағаттап жүруге тура келеді немесе кейбір спорт нысандары қаладан өте алшақ жерде орналасқандықтан, байғұс спортшылар өз жарыстарынан басқа ештеңе көре алмай еліне қайтады. Ал біздің жағдайда спорт нысандары бір-біріне өте жақын, тіпті кейбірі бір-біріне тиіп тұр десе де болады», — деді өз сөзінде Қанағатов.

Сонымен қатар ол Олимпиада алдында ұлттық құрама командаларға ойындар өтетін спорт нысандарында тестілік жарыстарға қатысуға мүмкіндік берілетіндігін жеткізді.

«Бұл өте жақсы. Спортшылар жаңа спорт нысандарына бойларын үйретеді. Қай жерде орналасқандығын естеріне сақтайды. Өйткені, спорт нысандары 2017 жылы өтетін қысқы Универсиада ойындары қарсаңында қолданысқа беріледі», — деді Қағанатов.

Айта кетелік, бүгін Халықаралық Олимпиада Комитетінің Бағалау комиссиясы Алатау ауданында салынып жатқан мұз айдыны сарайын, Орталық стадионды, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайын, марапаттау алаңын және Халықаралық «Сұңқар» шаңғы трамплиндері кешенін аралап шықты.

Олардың соңынан журналистер тобы жүріп отырды. Талап бойынша комиссия мүшелері БАҚ өкілдерімен кездесіп, пікір бөліскен жоқ.

«Біз енді оларға аталған спорт нысандарының таныстырылымын жасадық. Олар өз көздерімен көрді. Біз олардың техникалық сұрақтарына жауап бердік. Жалпы комиссия мүшелері ризашылықтарын білдіріп, спорт нысандарына жоғары баға берді. Ертең жоспар бойынша басқа нысандарды көрсетеміз», — деп сөзін аяқтады Қанағатов.

По сообщению сайта Nur.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз