ҚХА отырысында ҚР Президентінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы азаматтардың ұсынысы қарастырылды

0
72

assamblea

Астана. 14 ақпан. Baq.kz – Бүгін Астанада Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) Кеңесінің отырысы өтті.

Кеңес жұмысына Парламент депутаттары, республикалық этно-мәдени бірлестіктердің, ҮЕҰ, ҚХА ғылыми-сараптау кеңесінің басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.

Отырыс барысында Кеңес мүшелері бір ауыздан Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы азаматтардың ҚХА-ға жасаған ұсынысын қолдайтынын жеткізді.

Кеңес мүшелері атап өткендей, әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде біздің елімізде мерзімінен бұрын сайлау өткізу «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасын тиімді жүзеге асыруға , «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген елімізді дамытуға бағытталған бағдарламаларды дамытуға мүмкіндік береді.

Отырыс қорытындысы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері депуттаттық топқа Парламент Мәжілісінде Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге бастама көтеру туралы Үндеу жолдады.

Құжатта мерзімінен бұрын сайлау өткізу уақыт талабы екендігін көрсеткен:

– Жаһандық сын-қатерлер кезеңінде еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанды дағдарыстан алып шығуына мүмкіндік беретін жаңа сенім мандаты берілуі қажет.

– Әлемде тұрақсыздық орын алған жаңа әрі күрделі кезеңде еліміз стратегиялық бағытынан айнымай, Қазақстанды жаңғырту және дүние жүзінің озық 30 елінің қатарына енуі үшін Елбасы Н.Ә.Назарбаевқа сенім білдіру қажет.

– Елбасына сенім мандатын білдіру арқылы әлемдік дамудың жаңа кезеңінде халқымызды біріктіріп, мемлекетті дамытудағы маңызды мәселелерге ден қоюға мүмкіндік аламыз.

 

«Қазақстан халқы Ассамблеясы осы маңызды мәселе бойынша ұстанымын білдіруді өзінің азаматтық борышы деп санайды.

Бүгінде «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасын және «Қазақстан-2050» ұзақмерзімді Стратегиясын жүзеге асыру үшін бар күш-жігерімізді біріктіру керек.

Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясат төңірегінде топтасу арқылы еліміздің одан әрі қарқынды дамуы мен азаматтардың әл-ауқатын арттыруға қол жеткізе алатынымызға сенімдіміз.

Сондықтан осы күрделі заманда біз барша қазақстандықтарды Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың төңірегінде топтасуға шақырамыз.

Президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізу арқылы экономика өсімін нығайту, жүргізіліп отырған саясаттың сабақтастығын қамтамасыз ету маңызды. Бұл бастамаға шын мәнінде басқа балама жоқ.

Сонымен бірге ендігі 2016 жылы президенттік және парламенттік сайлаулар бір мезгілге сәйкес келеді. Конституция нормаларын бұлжытпай орындау мақсатында екі сайлауды әртүрлі кезеңдерде өткізген жөн.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Отанымыздың орнықты дамуы мен алға жылжуына бағытталған бастамаларды қашанда қолдап келді және болашақта да солай бола бермек.

Осы жалпыхалықтық бастаманы көтере отырып, қазақстандықтар тарапынан да, халықаралық қауымдастық тарапынан да қолдауға ие боламыз деген сенімдеміз, өйткені біз халқымыз бен еліміздің биік мүддесін көздеп отырмыз.

Біз, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелері, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттар тобына Қазақстан Республикасы Президентінің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастама көтерсін деп үндеу жолдаймыз.

Біз барша Қазақстан халқын, саяси партияларды, азаматтық секторды және еліміздің патриоттарын Қазақстан Республикасы Президентінің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу туралы бастаманы қолдауға шақырамыз!» – деп жазылған Үндеуде.

Қазақпарат

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз