Бүгінгінің зиялысы кім?

0
43

Ықылас Ожайұлы.

zialy

2015/02/16   Қамшыгер   1 Пікір   39 Рет

Қабырғадан қойылған қиын сұраққа абдырап қаларың анық. Сосын ойдағы есімдерді (зиялыға балаған адамдарды) он саусаққа толтыра алмай пұшайман халге түсесің. Біз ойлаған сол есімдер көрнекті жазушы, керемет ақын, тамаша әнші, беделді саясаткер, жақсы экономист, дарынды дәрігер болуы  бек  мүмкін.  Бірақ ЗИЯЛЫ емес. Өре түрегелетіндерге  өкпеңді бас, «түсінші сыртын қойып сөздің ішін» дегіміз келеді.

Ең әуелі  ЗИЯЛЫ сөзін  таратпас бұрын  «толық адам» ұғымына    тоқтала кеткеніміз жөн.  Абайда «хауас салим» деген түсінік бар.  Мағынасы ізгі (сау) сезім дегенге келеді. Кемеңгердің пайымдауынша толық адамның топырағы (ресурстары) «…жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан» (38-сөз) тамыр алады.  Осы ғақлияны хакімнің рухани  ізбасары Шәкәрім қажы да («ұстаз» ұғымын «айналасы» деп азғана  түрлендіргені болмаса) айна қатесіз қайталайды.

Ата-анасы,

Айналасы,

Замандасы қылған іс

Тәлім берер,

Соған ерер,

Тағы келер бір туыс.

Бұл жердегі «туыс» сөзі ҚАЗАҚ.  Кәдімгі СІЗ бенен БІЗ. Жарайды, жалғанға келдік, жаратылдық дейік.  Бізден кейін де талай алаш баласы  пәниге оралып,  ауа жұтып, топырақ қозғар. Гәп онда емес. Басты мәселе жоғарыдағы үш тағанның (ата-ана, айнала, замандастың) трагедиялық тағдыры хақында болып тұр.

Алғашқы сөз жүлгесін «айнала» ұғымынан таратып көрейік. Бұл жердегі «айнала»  қоғам  мен  жүйе  мәселесі екендігі анық.  Адам баласы қоғамның жемісі десек, мына СІЗ бенен БІЗ жоқ жерден пайда болмаған шығармыз. Қазақты қазаққа жегізіп, ұлт болмысын кісі танымастай манипулацияға ұшыратқан  мешін (1932) мен «шандырда болса шайнайық, шалда болса ойнайық» (1941) мақамына БІЗДІҢ ЕШҚАНДАЙ ДА ҚАТЫСЫМЫЗ  жоқ  десек  қатты  қателесеміз.

СЕБЕБІ БІЗ  ӘКЕНІҢ ҚАНЫ, АНАНЫҢ  СҮТІНЕ СІҢГЕН АҚПАРАТТАР АҒЫСЫНАН  ЖАРАТЫЛДЫҚ.

Қазақ танымына салынған қара құлыптың тағы бірі ҚҰДАЙСЫЗДЫҚ идеясы болатын. Құрметті оқырман қауым, бұл жерде біз ешқандай да эмоцияға бой алдырып отырғанымыз жоқ. Бөксе мен бөтелкеге жадыланып, құсығына құлаған «әкелер» бейнесі кешегі имансыз шаңырақтың кез келгенінен табылатын еді.  Өткенге салауат  дейміз.  Көңілге қаяу, көзге жас үйіретін осы бір қамырық халді сөз бұйдаға салмай осы жерден тізгіндей  салғанымыз  орынды  секілді.

Әлхисса… Міржақыптың замандасы Мұстафа болса, Қаныштың хұсни құрдасы Смағұл еді.  Біз Әлихан мен Смағұл еңбектерін салыстыра оқығанда Сәдуақас баласының Ғалиханнан биологиялық жасы ғана кіші демесеңіз ақыл парасатының «замандас» екендігін көреміз. Бұл асыл ағалардың артынан ерген інілерін «орынбасарлыққа» даярлап басынан сипап,  барынша бауырына  басқандығының   жемісі.  Сірә, ақыл ойдағы замандастық  кіші іні мен үлкен ағаның сабақтастығынан туар. Мұндай дегдарлықты БҰЙЫРЫҚ РАЙМЕН ӨМІР СҮРУДІ мақтанға балаған бүгінгі ағалар болмысынан  жолықтыру қасқалдақтың қанына пар екендігін неме жасырайық…

Тарихтың түрлі тезіне түсіп, тұнығы лайланған жоғарыдағы қос қайнардың сүреңсіз бейнесінен кейін «жақсы құрбы» туралы сөз шығындаудың  өзі  артық .

Кең көкжиекпен (концептуалдық тұрғыда) қарар болсақ, ЗИЯЛЫ дегеніміз «оқығандар» ғана  емес екен. ЗИЯЛЫ болу бақыты маңдайға жазылуы үшін,  АДАМНЫҢ тектілік пен пәктілік, таза қан мен таза құрсақ секілді РУХАНИ  РЕСУРСТАРЫ  түгел болуы қажет.  Қазақтың «ғылым жарты ақылды бүтін, бүтін ақылды кемел қылады» дейтіні осыған саяды.  Бұл жердегі  БҮТІН  ұғымы  «хауас салим»  екендігіне зәредей шүбә етпеймін.

Оқыған кітабымыз Абай мен Ахметтерден көп болғаныменен, адамияттағы «бір қайнауымыз»  ОЛ КІСІЛЕРДЕН  бәрібір де  кем екендігін мойындайық.

Түсінер адам табылса  себептің түпкі тіні ҮШ ТАҒАНДА жатқан секілді.

Әмәнда «ТОЛЫҚ АДАМНЫҢ» тілеуін тілейік. Бір сүрінген ҚАЗАҚТЫҢ тағы да дүр сілкініп ТАҒАН  тіктеуіне ТАҒДЫР алдында толық қақысы бар.

Ықылас Ожайұлы

«Қамшы» сілтейді

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз