Нақты түрде алғанда «минск үдерісін» алға жылжытуға президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаңтардағы жеке бастамалары нәтижесінде жол ашылды.
![]() |
Ерлан Ыдырысов
|
Мәжілістегі үкімет сағатында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов осылай мәлім етті.
Сыртқы саясат басшысы сөз арасында Минскіде былтырғы жылдың тамыз айында ЕАЭО үштігі, Еуропалық одақ пен Украина басшысы арасында алғашқы кездесу өткенін, бұл кездесу 5 және 19 қыркүйекте Минск келісіміне қол қоюға негіз болғанын атап өтті.
«Әйтсе де, ұрысты тоқтатуға бағытталған ол келісім сақталған жоқ. Соның салдарынан желтоқсан-қаңтар аралығында күш қолдану күрт артып, Минск келісімі орындалмайтын деңгейге жетті. Осыған байланысты елбасы Нұрсұлтан Назарбаев желтоқсан айында бейбітшіліктің сақталуына қатысты белсенді әрекеттерге барды. Президент алдымен Минскіге, сосын бірден Мәскеуге барды, бұдан соң Франция президенті Олландтың елімізге сапары барысында, күні бойы Украинадағы дағдарыс туралы әңгіме өрбіді. Одан кейінгі кезде Олланд мырзаның Қазақстаннан шығып, Мәскеуге жоспарланбаған аялдамасы да бәріне белгілі», – деді ол.
Сондай-ақ Ыдырысов қаңтар айы бойы «норманд төрттігінің» кездесуін Астанада өткізу қарастырылғанын атап өтті.
«Қаңтар айы бойы біз «норманд төрттігінің» кездесуін күттік, алайда қисынды себептерге байланысты ол елімізде болған жоқ», – деп түсіндірді Ыдырысов.
Оның айтуынша, Украина дағдарысы төңірегіндегі елбасы Назарбаевтың Германия Канцлерімен, Украина және Ресей президенттерімен әңгімесі нәтижелі болды, сонымен қатар, Қазақстан Украина ахуалын реттеу үдерісінде маңызды рөл атқарды.
«Дегенмен, Украина әлі де дағдарыстан арылған жоқ, жағдай күрделі. Қақтығыстарға қатысып отырған мемлекеттер арасындағы қайшылықтар ұстанымына қарамастан дағдарыстан шығу жолдары да жоқ емес», – деді СІМ.