Алматы перзентханаларының бірінен жаңа туған нәрестесі мен жұбайын шығара алмай жүрген қандасымызға мұхиттың арғы бетінен көмек келді деп хабарлайды 31 арна.
Қытай азаматы саналатын этникалық қазақ Ақылжан Қызырбекұлының қиындыққа тап болғанын көрген АҚШ-тағы қандастар қаржылай көмектерін ұсынды.
АҚШ-тың Калифорния штатында 20 жылдан бері тұратын Ердана Нүсіпов Алматы қаласындағы туыстары арқылы Ақылжанға көмек беріп, жұбайы мен сәбиін перзентханадан шығаруға себеп болды.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасы да заң жүзінде әрекет еткендерін мәлімдеген. Отбасымен қауышқан қандасымыз алғысын жаудырды.
«Біріншіден, емханаға рахметімді айтамын, әйелімді аман-есен босандырып, ұрпағымды дүниеге келтіргені үшін. Екіншіден, америкалық қандасымызға осылай көмек қолын созғанына алғысым шексіз», – деді Қытай азаматы Ақылжан Қызырбекұлы.