Сенбі күні Копенгагенде халыққа екі қарулы шабуыл жасалған алаңға жуық жерде полицейлер күдікті адамды ұстамақ болды, бірақ ол сақшыларға қарсы оқ атқан. Құқық қорғау қызметкерлері сол жерде оны атып тастады.
Қаза тапқанның кім екені әзірге белгісіз, деп жазады Би-би-си.
Оқиға иммигранттар шоғырланған Норребро ауданында болған. Тәртіп сақшылары күдікті пәтерге келіп, иесін күтіп отырған. Полицейлерді көрген ол қаруын алып шығып, оқ жаудыра бастаған.
Сенбі күні Копенгагенде белгісіз біреу дебат өтіп жатқан мәдени орталықта және жергілікті синагогада адамдарға оқ атқан.
Салдарынан екі адам қаза тауып, бесеуі жарақаттанды. Шабуыл жасаған адам ізін суытып үлгерді. Екі жерде де бір адам атыс шығарған болуы мүмкін.