Қоғам қайраткерлері мерзімінен бұрын өтетін сайлауға қатысты пікір білдірді

2
66
Қоғам қайраткерлері мерзімінен бұрын өтетін сайлауға қатысты пікір білдірді
Қазақстанда «кезектен тыс президент сайлауы өтуі мүмкін» деген ақпарат барлық БАҚ беттерінде кеңінен таралып, депутаттар мен қоғамдық ұйымдар бұл бастаманы қолдап отыр. Осыған орай,  қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдерінің пікірін білуді жөн көрдік деп хабарлайды Qamshy.kz порталы.
Бақытбек Смағұл, мәжіліс депутаты:– Жалпы Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынып отырған бұл бастаманы барша халық қолдайды деп ойлаймын. «Мәңгілік ел», «Нұрлы жолда» айтылғандай халықтың ұстанымы — тыныштық, бейбітшілік, татулық. Елбасының еліміздің дамуы жолында жасаған еңбегі өлшеусіз. Мұны жаңсақ түсінуге болмайды.

Біз Ауған соғысы ардагерлері әрқашан елбасын қолдаймыз, қолдап қана қоймай,  қорғаймыз да. Шындап қарасаңыз, айналамыздағы көршілес елдер қанша жерден күліп қарап отырғанымен, бір саусағын ішіне бүгіп отырғаны анық. Осындай саяси соғыс, ақпараттық соғыс кезеңінде біз жұмылған жұдырықтай болып, бір ауыздан елбасын қолдауымыз керек. Және мынаны біле жүрген абзал.

Президентке бағыну-оған табыну емес, саясатын қолдау-жағыну деген сөз емес. Демократиялық елде өмір сүріп отырған соң, кез келген үміткер сайлауға қатыса алады, әрине. Бірақ, 98 пайыз халық елбасын қолдайды деп сеніммен айта аламын.

Асылы Осман, қоғам қайраткері:

– Ел басқару, басшыны тағайындау, бұл өте маңызды, жауапкершілікпен қарайтын шаруа. Бұған атүсті қарай салуға болмайды. Қазіргі таңда елбасы секілді шын мәніндегі дарынды саясаткер, үміткер жоқ. Сондықтан мен, әрине, елбасын қолдаймын.

Қасым Аманжолұлы, журналист:

– Сайлау болады. Нәтижесі де белгілі. Ассамблея бастап, «Нұр Отан» қостап, тағы қаптаған жұрт жапа тармағай жалынып жатып президентті кезектен тыс сайлауды жариялауға көндіреміз. Сосын, Назарбаев тағы бір мәрте 98 пайыз дауыс алып, ел сенімін және бес жыл арқалауға келіседі.

Зағипа Балиева, мәжіліс депутаты:

– Бұл бастаманы толық құптаймын. Оған бірнеше обьективті себеп бар. Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысына назар аудару керек. Мысалы 2011 жылы президент және парламент сайлауы бір мезетте кезектен тыс өткені мәлім. Президенттің «Нұрлы жол — 2020» бастамасы да орта жолда, аяқсыз қалмауы керек деп ойлаймын. Сондай-ақ, елде кризис болмағанымен, сыртқы факторлар бар. Осындай қысылтаяң кезеңде президетті кезектен тыс сайлап алсақ, алдағы бес жылда саяси тұрақтылықты сақтап қалуға болады.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

– Әрбір сайлау елдің, саяси элитаның, саяси ұрандардың жаңаруына алып келуі қажет. Сайлаудың басты мұраты мен міндеті осы. Егер осыған қол жеткізе алар болсақ, алдағы сайлау өзінің мақсат-міндетін орындады деп айта аламын.

Жамбыл Ахметбеков, ҚКП мүшесі, мәжіліс депутаты:

– Кез келген саяси партия тосын өзгерістерге, соның ішінде сайлау процесіне дайын болуы керек. Біз де Халықтық коммунистер партиясы Қазақстан Халқы Ассамблеясының бұл бастамасын тоықтай құптаймыз.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

– Осы жолғы кезектен тыс сайлаудан айтарлықтай жаңалық, не өзгеріс көріп отырғаным жоқ. Мұндай сайлаулар бұған дейінде болған. Бұл сайлауға да әдеттегідей балама үміткерлер қатысары анық. Бірақ ол қорытынды нәтижеге еш әсерін тигізбейді.

Ал биылғы сайлауға үміткерлерге келетін болсақ, Мэлс Елеусізовтың есімі естіліп қалды. Және өздері тарапынан, саяси партиялардан үміткерлер болуы мүмкін.

Бірақ, оппозиция тарапынан ортақ бір үміткер болуы неғайбыл. Себебі біздегі бытыраңқы оппозиция сайлау алдында біріге қоймасы анық. Сондықтан олардан бірнеше үміткер болып қалуы ықтимал. Бірақ, мұның бәрі қорытынды нәтижеге ықпал ете алмайды.

Еске сала кетейік, 14 ақпан күні Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесі мүшелері Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы бастама көтерген.

По сообщению сайта Nur.kz

2 ПІКІРЛЕР

  1. Нұрсолтаннан басқа лайықты адам көріп тұрған жоқпын. қытай мен ресей сяқты алып империяның ортасында тұрмыз. айдахрдың аузында, аюдың оң жағында тұрмыз. біздің елді басқарған адам көреген болу керек және өлімненде сескенбейтін батыр болу керек.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз