
«Патриоттар партиясының» төрағасы Ғани Қасымов «Қазақстан-2050» Демократиялық күштердің жалпыұлттық коалициясы атынан кезектен тыс президент сайлауына Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын жылжытуды ұсынды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Коалиция атынан біз қазіргі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жалғыз кандидат болатынын мәлімдейміз», – деді Қасымов жалпыұлттық коалиция отырысы барысында.
Ол коалицияның бүгін қабылдағалы отырған үндеуінде бұл қозғалыстың Елбасы бағытын қолдайтыны аталып өткенін айтты. «А» дей отырып, «б»-ны да айту керек», – деді Ғани Қасымов.
Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы 6 саяси партиядан, 18 ірі қоғамдық ұйымнан, саяси партиялардың 321 филиалынан және 500 ірі үкіметтік емес ұйымнан тұрады. Коалиция Қазақстанның 6,5 миллионнан астам азаматының мүддесін қорғайды.