
Мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттері күшін жоғалтпайды. Ақордада Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық миссия басшыларымен кездесуі барысында президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.Сөз барысында елбасы «Нұрлы жол» бағдарламасына тоқтала келе, оның аясында 2015 жылдан бастап 2017 жылға дейін жобаларды жүзеге асыруға жыл сайын 500 млрд теңге бөлінетінін атап өтті.
Сондай-ақ, президент аталған бағдарлама бойынша ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өнеркәсібі, қайта өңдеу, машина жасау, шағын және орта бизнесті қолдау, инфрақұрылымды дамыту мен өнеркәсіп кешендеріне мемлекеттік қолдау ұлғаятынын, нарықты қорғау мәселелері белгіленгенін айтты.
«Қазақстанда жасалған» деген брендпен жасалған тауарлар ауқымы ұлғаятын болады. Осы мақсаттар аясында бюджет шығыстарын оңтайландыру туралы үкімет парламентке ұсыныс енгізеді. Дегенмен, мемлекеттің халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттері күшін жоғалтпайды.
Денсаулық сақтау, білім беру салаларын дамыту, адами капиталға ұзақмерзімді инвестициялар салу — еліміздің болашақ экономикасы өсімінің негізін қалайды деп ойлаймыз.
«Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, инфрақұрылымды дамыту Қазақстанның әлемдегі экономикалық процесстерге одан әрі ықпалдастығын қамтамасыз етеді», — деді мемлекет басшысы.
По сообщению сайта Nur.kz