
Кесел дендеген Калачиден жұрт жаппай көшіріліп жатыр. Ақмола облысындағы осы атышулы ауылдан соңғы бір айда 83 адам қоныс аударса, тағы бірнеше отбасы көрші Қостанайға қарай кетейін деп буынып-түйініп отыр.Ал мамандар «аты жоқ аурудың» ақыры себебін анықтай алған жоқ деп хабарлайды КТК арнасы.
Бір анығы естен тандыратын дерт көктем мен күзде дендейді. Буынып-түйініп отырған жұрт қоныс аударатын жерлерін алдын ала көріп келген. Барлығы да туған Калачиін қимайды. Белгісіз дерт қайта қозып кете ме деген қорқыныш қана оларды осы қадамға итермелеген.
«Калачида біз 25-26 жылдан бері тұрамыз. Балалардың бәрі осында өсті. Қимаймыз. Көбі жылап кетіп жатыр», — дейді Калачи ауылының тұрғыны Гүлжан Ахметова.
Калачиден көшпейміз деп табандап отырғандар да бар. Олар шенеуніктердің осы жұмысты ұйымдастырудағы немқұрайлығына өкпелі. Басшыларға сенбегендіктен, үй-жайларын тастап, өре көшуге жүрексінеді.
«Екі ауданға барып, ұсынған үйлерді қарап келдім. Жеке меншікке емес, уақытша тұруға дейді. Көшіру науқаны аяқталған соң, ол үйден шық десе қайтем. Бала шағаммен далада қалам ғой. Сондықтан көшпеймін әзірге», — дейді Калачи ауылының тұрғыны Алексей Андреев.
Ал дәл қазір 6 отбасы дүние-мүлкін арту үшін Қостанайдан жүк көліктерін күтіп отыр. Оларға көрші облыстың шаруа қожалықтары көмек қолын созыпты.
«Қостанай облысының Қарабатыр ауылына көшуге әзірленіп жатырмыз. Жұмыс, пәтер береміз деді. Ол жақта тіпті түйеқұс өсіреді екен. Бәрінен бұрын орманы бар. Біз үшін таза ауа қымбат қазір», — деп отыр Калачи ауылының тұрғыны Дина Буслова.
Соңғы күндері шыңылтыр аяздан ба ұйқы ауруы сәл саябырсыған. Ал шенеуніктер не баспана, не жұмыспен қамти алмаса да, тұрғындарды Калачидан кетуге үгіттеп бағуда.
«Өткен жылы Наурыз туысымен адамдар жаппай ұйқыға кеткен. Күн жылынса, тағы қайталануы әбден мүмкін ғой», — дейді Есіл ауданы әкімінің орынбасары Сәуле Ағынбаева.
Қазір 80 отбасы көшуден бас тартып отыр. Олармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Көптеген отбасылар басқа жаққа қоныс аударып жатқандықтан, Калачиде оқушылар саны да азайған. Бірақ жергілікті шенеуніктер соңғы шәкірт қалғанға дейін мектепті жаппаймыз деп сендірді.
По сообщению сайта Nur.kz