Билегісі келген елде төңкеріс ұйымдастыру – шетел үшін тікелей соғыстан әлдеқайда үнемді

0
55

  

Эгоист екенбіз. Соңғы кезде көзім бірнәрсеге жетсе – ол әрқайсысымыздың эгоист екеніміз.

Дэвид Бомға сенсек, өмір деген голограмма. Біз тек қалағанымызды көреміз. Омар Хайамның күміс қосылған айнасы туралы емес, мен әрбіріміздің жалпы өмірге деген көзқарасымызды айтып отырмын.

Мысалы, Саясат. Шын мәнінде, әрбіріміз үшін билікте не болып жатқаны, жаһандық саясат, экономика салалары маңызды емес. Әрине, егер сол салада қызмет етпесеңіз (оның өзі күмәнді, себебі, шенеуніктер мен бизнесмендердің тек өз пайдасын ойлайтыны белгілі. Бұл түсінікті, мүмкіндік болса, неге дұрыс пайдаланбасқа?! «Жоқ, олай емес!» деген болсаңыз, онда әлі ол дәрежеге жетпегеніңіз ғой, жетсеңіз – көрермін). Маңыздысы – сенің жағдайың, өмірдегі материалдық құндылықтарының көп болуы. Олай болмаған жағдайда, онда саған сол игіліктермен толықтай қамтамасыз етпеген «билік» кінәлі. Білім, денсаулық саласы, қымбат салықтар, қисық жолдар – барлығымыздың ашуын туғызатыны сөзсіз. Тілдің мәселесі – бөлек әңгіме. Әрине, тәуелсіздігі 23 жылдан жаңа асқан еліміздің «мүмкіншіліктері» көп қой. Тек 1991 жылы Қазақстанның қазынасында тек екі-ақ алтын құймасы болғанын ұмытпауымыз керек. Жаңа Астана, жабылғаннан соң қайта ашылған зауыттар, инфрақұрылым, имидж (экономикалық, спорттық) тікелей шетелден келген инвестициялар арқылы салынғаны содан. Мұнайымызды, металлургияны, Байқоңырды жалдауға бергеннен кейін түскен қаржыға, әрине. Кемшілік сол инвестициялардың таралу, пайдалану шарттарында болды (бұдан олқылық кеткені рас, оған арнайы басқа тақырып арнау керек). Сондықтан, әлі толықтай көтеріліп, ұлттық инвестициялар келмейінше, шетелге өкпелеу… жөнсіз. 90 жылдардың басында дарынды экономист, аналитиктің болмағанына, әлі де сол олқылықты жоя алмағанымызға өкпелеу керек.

Эгоизмге қайта келейік. Саяси ойында солшыл партиялар міндетті түрде оңшыл партияның қарсыласы болмайды. Тіпті байқалатын аксиома: барлық партиялардың көздеген мақсаты бір: мемлекеттің, халықтың жағдайын көтеру. Радикалдар әрқашанда орталыққа қарсы күш жинайды. Ал, кез келген «экстремистердің» көздегені –ызадан тұншыққан аудиторияны қарату. Сайып келгенде, билікке ұмтылған әрбір үміткер жақсы психолог, әлеуметтанушы болуы қажет (10 мың жауынгерінің барлығының есімдерін білген Зұлқарнайын да керемет қолбасшы етін). Аудиторияны зерттеп, өзіне аудару үшін. Осындайда, «Эффект колбасы» терминін түсіндіріп өткен жөн. Біз, оны шұжық емес, «қазы-қарта салдары» деп атайық. Бұл термин халықты екі аудиторияға бөліп қарастырады. Қазы-қартасы барлар және қазы-қартасы жоқтар. Қазы-қартасы барларға, әрине, жоғарыдағы билік ұнайды. Ол «ақпараттық тұзақ» арқылы салынып жатқан зауыттарды, жаңа жұмыс орындарын көреді. Бұған тұрғын үй, мектеп, аурухананы қосыңыз. Зейнетақы мен жәрдемақы өсуде, барлығы ауызбіршілікте өсіп, өніп, дамып жатыр. Ағайын тату, көрші тату – не керек?!

Қазы-қартасы жоқтарды алайық: үй жоқ, жалға алған бөлме қымбат, емханалардағы дәрігерлердің білімі төмен: қандай диагноз қоятынын да білмейді. Құлауға сәл-ақ қалған мектеп, ауруханалар, кезегі де, қағазы бітпейтін жер мәселесі. Бұған зейнетақы өсті деп, одан сайын қымбаттай түскен бағаларды, ала алмай жүрген азаматтықты қосыңыз. Міне, бұл – қазы-қартаның бар-жоғының салдары.

Екінші аудиторияның «жоқтығынан» пайда іздеген солшылдар өз саясатын қалай жүзеге асыратыны түсінікті. Кейде, үлкен қаржының арқасында (шетелден келген қаржы!) аталған аудиторияның ықпалымен елде төңкеріс ұйымдастырылып, билікті өзгертуге де барады. Шығыс Еуропадағы жаппай түрлі-түсті революциялар соның айғағы. Украинадағы қызғылт-сары төңкерісті де бұған жатқызуға болады. Билік өзгерді, енді ширек жылдай елде тұрақсыздық орнайды. Жаңа билік орныққанша, қаржы берген шетел өз мүддесін пайдаланып, олжасын оңды пайдаланады (Мысалы: Ирак, Ливия). Тарихқа кері шегінейік: 1917 жылы немістер Лениннің билік басына келуіне Германия жәрдемдесті (Ленин неміс пойызымен келген болатын), өз кезегінде Ленин 1949 жылы Қытайға Маоның билікке келуіне септігін тигізсе, Қытай кейінірек Корея, Вьетнам, Камбоджа елдеріне ақшалай ғана емес, қару-жарақпен де көмектеседі. Әрине, бұлардың барлығы non-official мәліметтер. Алайда, елде төңкеріс ұйымдастыруға көмектесу – шетел үшін тікелей соғыстан біршама үнемді екені рас. Төңкерістен соң, жәрдемдесу мақсатында, шикізатты арзанға өндіріп алу немесе саған пайдалы сауда шарттарын қою әлдеқайда тиімді. Қарызға батқан жаңа билік жауап қайтарайын десе, ақшалы «крышасын» тыңдауға міндетті (әлемді масондар билейді деген осыдан шықты). Ал, қомақты қаржысыз өзгеріс әкелу мүмкін емес (мысалы, Желтоқсан оқиғасы. Оны қаржыландыратын шетел болған жоқ, сондықтан билік өзгермей, халық аяусыз жаншылды). Екінші бір қажет етілетін шарт – лидердің, серкенің болуы. Керемет оратор қол бастап, жолын жалғау үшін аудиторияны ғажап сөздерімен баурайды (ақша болған жағдайда, ондай ораторды табу қиын емес. Сондықтан, екінші шарт үлкен маңыздылығын жоғалтады). Ал, аудитория оған сенеді, көнеді дейсіздер ме? Адамдар шешім қабылдағанда логикасына емес, эмоциясына бағынады деп жауап берген  Дейл Карнеги қателескен жоқ. Әбден ашынған халық (халықтың массасы жетекте жүретін қойлар) серкесінің соңынан еріп, құрбандыққа барады. Туындайтын маңызды сұрақ, халық үшін төңкерістің нәтижесі оңды бола ма? Егер, Украина Польша сынды дамып кетсе, шамамен 20 жылдан соң, онда Украина халқы жаңа дамуға бет алады. Бірақ, АҚШ-тың басымдылығы не, Ресейдің басымдылығы не, бәрібір басқа елге мәжбүрлі халде қалады. Сұрақ, халықтың әл-ауқатында ғана. Егер Еуропа халқы ТМД-дан жақсы өмір сүрсе, онда Украина дұрыс бағытты таңдады. Өйткені, халыққа оның бағынышты болуы маңызды емес, оның материалды қамтылуы маңызды. Бұл жағдайда, мен Украина халқын эгоист ретінде толықтай қолдаймын.

Бірақ, бірақ… Қазақстанда басқаша. Бізде солшыл партиялар жоқтың қасы, бар болса да көрінбейді. Олардың орнын солшыл БАҚ басты. Оппозициялық, қоғамдық-саяси газеттер екінші аудиторияны қанағаттандыруда. Қазы-қартасы жоқтар тек БАҚ-тың азығымен қоректеніп отырса да, Қазақстанда төңкеріс орнау мүмкіндігі бар ма? Мен қаншама саясаттан хабардар деген азаматтардан осы сауалды алсам, соншалықты «жоқ» деген жауап алдым. Соңғы үміті 1938 жылғы зиялыларынан, миллионды бастаған бірлігінен айырылған ұлтымыз біршама үрейленген халде. Ал, массасыз, халықсыз төңкеріс ұйымдастыру мүмкін емес. Халықтың көбі – эгоист қойлар десек те, оны қозғаушы фактор мықты болуы керек. Әрбір солшыл биліктің мақсаты да сонда (біржылдары әрбір қазақстандық 17000 теңге алуы керек деген банкноттарын таратқан «Ақжол» партиясы еріксіз есіме түсіп кетті). Ал, ондай бастаушылар бізде табылмағандықтан, қазақстандық Порошенконың шығуы екіталай. Мен Қазақстанда төңкеріс орнатып, бүлік шығаруды көздемеймін. Тек саясатқа, эгоизмге көңіл бөлуші студент журналист ретінде өз ойымды білдіріп жатырмын.

Білесіздер ме, мені мазалайтын сұрақ қандай? Төңкеріс – бүлік жасаушылардың нәтижесі ме? Әлде, бүлік жасаушылар халықтың наразылығынан туған өнім бе екен? Сіздер не деп шештіңіздер?

P.S.  Бірақ, билікті өзгертеміз дегеннің астарында, өзімнің, отбасымның жағдайын өзгерткім келеді деген ойдың жатқанын мойындайықшы. Мойындаймын, мен де сіздер сияқты эгоистпін.

Құралай Исаева

Сурет: joyreactor.cc

«Қамшы» сілтейді

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз