Есеп берген Алматы әкіміне батыл сұрақ қойған ешкім болмады

0
390
Есеп берген Алматы әкіміне батыл сұрақ қойған ешкім болмады
Алматыда биыл тағы базар саны азайтылып, заманауи сауда кешендерінің қатары көбейе түспек. Әзірге, нақты 21 базардың сүрілетіні белгілі болып отыр деп хабарлайды КТК арнасы.Сондай-ақ, метро құрылысы жеделдетіліп, қосымша 3 айналмалы жол іске қосылуы тиіс. Бүгін осы сынды оңтүстік астананың хал-ахуалы жайлы баяндаған Ахметжан Есімов ел алдында есеп берді.Ол 4 сағатқа жалғасты. Есімовтің есебін тыңдауға келгендер биыл да көп. Арасында ат терлетіп, Астанадан арнайы жеткен қонақтар да бар. Бұл жолы тіпті Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың өзі келіпті.

«Құрметті қауым, алматылықтар, құрметті Бердібек Мәшбекұлы. Бүгін біз өздеріңізбен бірге қаламыздың өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылайтын кездесуде бас қосып отырмыз», — деді Ахметжан Есімов.

Алматы әкімі осылай деп сөзін қазақша бастағанымен, жиын әрі қарай ресми тілде кетті. Тек бірен-саран сұраққа мемлекеттік тілде жауап қатқаны болмаса. Ал атқарылған іс орасан дейді әкім.

«Бір жыл ішінде біраз іс атқарылды. Мәселен, биыл Алматы мемлекеттік бюджетке 1 триллион 430 миллиард теңге құйды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 жарым пайызға артық. 7 мың 424 адам жұмыспен қамтылды», — деп атап өтті әкім.

Қала бюджетінің өзі 353 млрд теңге кіріспен толығыпты. Енді әкімдік осы қаржыны тиімді жұмсауды жоспарлап отыр. Мәселен, биыл ең алдымен ескі құбырларды алмастыру ісі жүргізілмек. Одан басқа жолайрықтар мен метрополитен құрылысы жалғасады.

«Көбі қазір «Метроның» құрылысы тоқтайды деген әңгіме айтып жүр. Тоқтамайды. Жер асты жолының жұмысы биыл да жалғасады. Оған бюджеттен 8 миллиард теңге бөлуді қарастырып отырмыз», — деді Есімов.

2 сағат тұрып баяндамасын аяқтаған әкім, орнына жайғасысымен көпшіліктің қояр сұрағына кезек берді. Арасында жазбаша қойылғандары да бар. Тек бұл жолы сауалдардың дені ұсақ-түйектің төңірегінде. Мәселен, «сыра неге пластик бөтелкеге құйып сатылмайды?» деген сынды.

«Сыра деген арақ емес, сусын ғой дейді. Түсінем, жазда ыстық. Шөлдейді. Ол пластикалық бөтелкеде болса қарсылық жоқ», — деді қала әкімі.

Қатқылдау сұрақ қоятындарды әкімдік биыл есіктен сығалатпаған сыңайлы. Әйтпесе айқайға салатын бір-екі адам жылда табылатын еді. Ешкім жағадан алмаған соң болар, Есімовтың бүгін көңілі жайлы.

Жалпы, Алматы әкімі биыл жабайы сауданы түбегейлі тыймақшы. Яғни, күн жылысымен бірден 21 базар сүрілгелі отыр. Бұдан бөлек, тағы бір ірі құрылыс басталады. Ол – Нараузыбай ауданындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысы.

Ескі үйлерді жаңарту, үлескерлер мәселесін шешу жұмыстары да жалғаса береді деп сендірді шаһар басшысы.

По сообщению сайта Nur.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз