Есірткі саудалаған такси жүргізушісі Семейде қолға түсті

2
62
Есірткі саудалаған такси жүргізушісі Семейде қолға түсті
Семейлік тәртіп сақшылары «Допинг» жедел алдын алу шарасы бойынша жұмыс істеуде. Басты мақсат психотропты, есірткі заттарын заңсыз сақтау, сату, сатып алу және қолданудың алдын алу, жою болып отыр. Шараның алғашқы төрт күні ішінде бірқатар қылмыстық фактілер анықталды. Басқарманың баспасөз қызметінің жетекшісі Елубек Оспановтың айтуынша, операция ҚР Ішкі істер Министрлігінің жоспарына сәйкес 16-22 ақпан аралығында ел көлемінде өткізіледі.

Рейдтік шара барысында полицейлер дәріханаларды, емдеу-профилактикалық мекемелерін, өнеркәсіптік кәсіпорындарды тамақтану орындары мен әлеуметтік-мәдени тұрмыс нысандарын тексереді. Атап айтқанда, «Допинг» операциясының аясында қаладағы бір жекеменшік таксопарк жүргізушісі жолаушы тасымалдаумен қатар есірткі затын сатумен айналысқан үшін ұсталды, дейді Е.Оспанов.

«Шара барысында 2015 жылдың қаңтар айынан бастап қаладағы бір такси жүргізушісі есірткі затын сатумен айналысады деген шұғыл хабар түсті. Осы хабарды анықтау мақсатында Семей қалалық ІІБ есірткі бизнесіне қарсы күрес және криминалдық полиция бөлімі қызметкерлерімен бірлесе арнайы топ құрып, арнайы жүргізілген жедел іздестіру шарасы кезінде есірткі сатумен айналысқан азаматты құрықтады», — деп хабарлады Е.Оспанов.

Ішкі істер басқармасының мәліметтері бойынша, такси жүргізушісінің қылмысын әшкерелеу барысында қалтасынан сатуға арнайы дайындалған есірткі заты тәркіленген. Ал ары қарай тергеу жұмысын жүргізу кезінде үйінен есірткі затын сатып алуға арналған 40 мың теңге мен гаражынан мөлшері 8 келіден жоғары есірткі заты (кептірілген марихуана) тәркіленді.

Қазіргі таңда ұсталған азамат үстінен ҚР Қылмыстық Кодексінің 297 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Айта кетуіміз керек, жүргізуші бұрын бұзақылық жасағаны үшін істі болған. Алайда оған қарамастан қоғамдық көлік жүргізіп келіпті. Ол тергеу барысында есірткі затын еліміздің оңтүстік өңірлерінен алып келгенін айтқан. Енді алдағы уақытта оның сыбайластарымен заңсыз заттың қайдан тасымалданғаны анықталмақ. Қала тұрғыны болса Қазақстан заңы бойынша ауыр жазаға тартылады. Заң бойынша ол өмірінің 10 жылын немесе өмір бойы темір тордың аржағында өткізуі мүмкін. Әрине, оны сот анықтайтын болады.

Айтпақшы, жүргізушіні құрықтау барысында оның еш жерде жұмыс жасамайтын сыбайласы да қолға түскен. Жас жігіт оған заңсыз затты сатуға қол ұшын беріп отырыпты. Енді олда заң алдында жауап береді.

«Допинг» операциясының барысында Семей полицейлері заң бұзған дәріхана сатушысында анықтап отыр. Қала орталығында орналасқан дәріхана қызметкері ешқандай дәрігердің рұқсатынсыз құрамында нашақорлық және жүйкеге әсер ететін дәрілерді саудалап келген. «Жалпы жүргізілген шаралар кезінде бұл азаматшаның біраз уақыт бойы есірткімен әуестенетін адамдарға, болмаса қарапайым тұрғындарға дәрігердің рұқсатынсыз сатуға тиым салынған препараттарды өткізіп келгені анықталып отыр. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде. Оның барысында қай уақыттан бері және қанша адамға сатқанын анықтайтын боламыз», — дейді Е.Оспанов.

Асқар МЫҢБАЕВ

По сообщению сайта Arna Press

2 ПІКІРЛЕР

  1. өзі сатқан есірткісін біреулер өзінің баласымен бөлісіп шегеді деп ойламаймеке.

  2. бізде заң әлсіз. сондықтанда ешкім тәубаға келмейді. бұларды өмірлікке соттау керек.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз