Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотиптің қайсысы дұрыс?

16
547

1 cурет



2 cурет

Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотип жобасына  Мәдениет және спорт министрлігі  жариялаған конкурсында бас бәйгені Мәдениет және спорт министрі кеңесшісі Алмаз Нұразхан жеңіп алды. Бірақ оның 14 жобаның ішінен таңдалып алынған жобасы   (1 сурет) ел  тарапынан қатты сынға ұшырауда. Абай.кз сайты бастаған бірнеше сайттарда бұл туралы мақалалар да жарияланды. Иә, бұл қарсылықтың жаны бар. Өйткені бұған кәсіби суретшілердің көбісі наразылық  білдіруде.

 Белгілі суретші, ҚР Дизайнерлер Одағының мүшесі, Әль-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Баспа дизайны кафедрасы оқытушысы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының логотипінің авторы Бейсен Серікбай тіпті наразы:

– Осы логотипті көргеннен қан қысымым көтеріліп кетті. Бұл біздің мемлекеттік рәміздеріміздің бейнелерін көшіріп ала салған, болды. Бұл дегенің турасын айтқанда ұрлық немесе мемлекеттік рәміздерге пародия! Бүгін оның авторы Алмаз Нұразханмен  талай рет телефон шалып, айтыстық. Сондағы айтатыны: » Тәуелсіздігіміз  Қазақ хандығының жалғасы ғой»- дейді. «Сонда Тәуелсіздігіміз жалғасы болса, оның басы – Қазақ хандығы  қайда?»-деген сауалыма жауап таба алмады. Бұл логотипке қарау –  біз секілді кәсіби суретші мамандар үшін қорлық болып тұр.

«Ал «Ақ жол» партиясының Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотипі  көп жақсы, көрнекті шыққан. Мазмұны да, тақырыбы да ашылған. Тек бір кемшілігі логотип талабынан ауытқыңқырап, картинаға ұқсап кеткен…  Сол жағын ескерсе, жалпы халықтық  қолдануға болатын эмблема.

Иә, мемлекеттік баспа орнында 30жылдай еңбек етіп келе жатқан белгілі кәсіби суретші Бейсен Серікбайдың  сөзі осындай.  Мұның алдында  Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотипі орнына бір-екі рет пайдаланған эмблема да елдің наразылығын тудырған еді. Онда басты орынға  буддалық өрнек   шығып кеткені кемшілік ретінде қабылдаған болатын.

Бұлардан гөрі  «Қазақ үні» газетінің жаңа жылдан бастап 1-ші бетінде жарияланып келе жатқан Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған логотип (2-сурет) қайта елдің ықыласын аударуда. Бұл эмблеманы «Ақ жол» партиясы былтыр 13 желтоқсанда Алаш күнінде жасап шығарған болатын. Ол төсбелгі, жапсырма ретінде  партия филиалдары арқылы таратылып та кетіпті.

Біз бірнәрсені өзгерте қояйық деп өрекпіп отырған жоқпыз. Бірақ қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығы секілді аса маңызды  мәселеге жеңіл қарамау керек еді. Бұл жобалардың бәрі ғаламтор бетінде талқылану керек еді…

Біздікі оқырмандарға  таңдау құқығын беру.  Өздері бағаласын, қайсысы дұрыс екенін…

Махамбет Ерғали

gu-gu.kz

16 ПІКІРЛЕР

  1. Маған бірінші логотип ұнайды, тудың бейнесімен сәйкестеніп белгіленген. Қыран құсымыз, шаңырағымыз бар. Еркіндік пен самғаудың биіктігі.

  2. Тудың көкшіл біртүстілігі біздің үстіміздегі биік те таза, бұлтсыз аспан күмбезін сипаттайды, және Қазақ халқының биік және мейірбан бірігуіне шақырады. Бұлтсыз көк аспан әрқашан барлық халықтарда тыныштық пен амандықты, әлемді кейіптеген.

  3. Сары түс – қымбат метал түсі, және ерте кезде айдың және күннің түсі болып есептелген, ол Хаос қараңғылығын ыдыратқан жарықты, алғашқы рет осы арқылы космос жасалған жарықты бейнелейді. Сары түс – өмір түсі. Оны бұл маңызды логотип үшін қолданған дұрыс.

  4. Күн – қозғалыс символы, шығыс және батыс, өмір және өлім. Күн – уақыт символы.

  5. Бүркіт барлық тірі жан – жануарлардан биік, аспанға және күнге, ескі құдайларға жақын ұшатын құс ендеше ол да киелі деген белгіге ие – құс патшасы. Сондықтан жақсы бейнеленген.

  6. Бүркіт паң және ол биікте жалғыздықта желбірейді. Осындан бүркіт бейнесін деген – айбындылық, намыс, тәуелсіздік, еркіндік, бостандық, мақтаныш, биік ниеттер, ұлылық, қырағылық ұғымдары байланыстырылады.

  7. Өзінің туған жазықтығында бейбіт ұшып жүрген бүркіт дала халықтарының жанының, көңілінің кеңдігін білдіріп тұрғаны несі жаман.

  8. Екеуі де жаман емес. Бірақ, басқа да нұсқалар ойлап табуға болады. Бұл орайда ең үздік логотипке конкурс жариялап, ең үздігін таңдауға болады

  9. Шаңырақты таңдаған дұрыс сияқты. Біз бейбіт елміз. Шаңырақ соның белгісі емес пе?

  10. Маған ұнағаны бірінші сурет. Сары шаңырақпен қыранның бейнесі әдемілеу. Біздің символымыз шаңырақ.

  11. Шаңырақтың биіктігін көрсететін логотип Қазақ хандығының логотипі болуға лайық деп ойлаймын.

  12. Қазақ хандығының логотипі болуға ең жақсы логотипті таңдағанымыз дұрыс. Бұл мерейтой ертең шет ел телеарналарынан көрсетіледі. Сол кезде ұялмайтындай болуымыз керек.

  13. Біздің тарихымыздың жаумен алысып өткені күллі әлемге аян. Десек те қару ұстаған, шайқасып жатқанын суретті логотип еткеніміз басқаларға түсініксіздеу болуы мүмкін. Қәзір қару, жарақ бейнеленген логотиптерді басқамен шатастыруы мүмкін.

  14. Керемет деп айтуға болады, қатты ұнады, күннің нұрынан асқан жақсылық барма, қыраннан асқан қырағылық барма, мағынасы терең, ойы астарлы.

  15. Логотиптегі бейнеленген мазмұн өте терең, өзі қарапайым болсада, қарапайымдығымен тартып тұр, тудың белгісінен де бір бөлшегі алынған. Күрделі, абстрактілі бейнеден гөрі осы жақсы.

  16. хандықтың тойын неге тойлайын деп отырмыз? халықты біріктіру үшін. жаңа бірдеме ойлап тапсын дейсіңдер, адам бұрын көрмеген нәрсесінің төңірегіне қалай топтасады? бізді осы идея, қазіргі біртұтас Қазақстан, тамыры тереңде жатқан Қазақстан идеясы ғана біріктіре алады. сондықтан бұл логотип орынды.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз