Қостанай облысында соңғы бір жылда аяғы ауырлаған жасөспірім қыздардың саны 30 пайызға өскен. Бұл туралы прокуратура қызметкері Асқар Сыздықов облыстық басылымдардың біріне мәлімдеді.
Оның айтуынша, егер аймақта 2013 жылы 15 пен 17 жас аралығындағы 228 жасөспірім қыз босанса, 214 жылы бұл көрсеткіш 322-ге өскен. Сонымен қатар аяғы ауыр келіншектер арасында жыныстық жолмен берілетін аурулар саны да күрт өскен. Оның үштен бір бөлігі – жасөспірім қыздарға тиесілі.
Сыздықов ата-аналардың өз міндеттеріне немқұрайлы қарайтыны жайлы әңгіме өрбіттті.
Мәселен, жүктілігінің 8 айында Қостанай қаласының тұрғыны жаңажылдық мерекелер кезінде күніне 1 шөлмек арақты ішіп отырған. Соның салдарынан әйелдің жатырындағы шарана іште шетінеп кетті.
Сондай-ақ ата-анасы дұрыс көңіл бөлмеген 14 жасар жасөспірім қыз – №17 орта мектептің 7-нші сынып оқушысы – бір жыл бойы 20 жастағы жігітпен бірге тұрған. Бұл жоспарланбаған жүктілік пен қолдан түсік жасатуға әкелді.
Сондай-ақ прокурор ана мен бала денсаулығына қатысты оң өзгерістер де бар екенін жасырмады. Мәселен, 2000-ншы жылдардың басында 1000 балаға 20 нәресте өлімінен келсе, қазір бұл көрсеткіш 14-ке дейін төмендеді. Сонымен қатар ана өлімі де азайған. Мысалы, 2014 жылы тек бір әйел ғана босану кезінде көз жұмған.
«Дәрігерлердің орасан зор еңбегін бағалай отырып, кейде олардың салғырттығынан орын алатын жағдайлар туралы да айтпай кетпеуге болмайды, – деді Асқар Сыздықов. – Мәселен, былтыр наурыз айында Меңдіқара ауданындағы перзентхана қызметкерлері жаңа туған шарананы өлдіге санап, оның денесін туыстарына жерлеу үшін тапсырған. Алайда нәресте жерлеуге апара жатқан жерінен қимылдай бастаған. Нәресте дереу облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дегенмен, медициналық көмек дер кезінде көрсетілмегендіктен, шарана бірер күннен кейін шетінеп кетті».