Ұялы байланыс операторлары байланыс құнын 28%-ға төмендетеді

0
359

Қазақстанның ұялы байланыс операторлары «Кселл» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС және «Алтел» ЖШС интерконнект мөлшерлемесін төмендету туралы келісті.

Ұялы байланыс операторлары байланыс құнын 28%-ға төмендетеді

Бұл туралы ИДМ БААК баспасөз қызметіне сілтеме жасап Қазақстан жаңалықтары хабарлайды.

Ведомствоның мәліметінше, ИДМ Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетінде вице-министр Асқар Жұмағалиевтің төрағалығымен «Кселл» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС және «Алтел» ЖШС байланыс операторларының кеңесі өтті.

«Операторлар арасындағы келіссөздер нәтижесінде 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап интерконнект мөлшерлемесін минутына 11,10 теңгеден 8 теңгеге (ҚҚС-сыз) дейін төмендету туралы шешім қабылданды», – делінген хабарламада.

«Біз операторларға бір жерде жиналып, бір шешімге келуге мүмкіндік бердік. Нәтижесінде, интерконнект биыл 28%-ға төмендейді. Бұл ұялы байланыс қызметтері нарығындағы бәсекелестікті дамытып, абоненттердің шығындарын азайтады», – деп атап өтті Асқар Жұмағалиев.

Бұдан басқа, Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, кездесу барысында операторлар 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық ұялы операторлар үшін интерконнект мөлшерлемесін минутына (ҚҚС-сыз) 5 теңге көлемінде бекітуге келісті.

Естеріңізге сала кетейік, интерконнект – операторлар арасындағы желіаралық байланыс. Интерконнект ставкасы бір оператордың басқа операторға өз абонентінің желіден тыс қоңырау шалғанда сөйлесудің әрбір минуты үшін төлейтін соманы анықтайды.

Источник: РИА «Новости»

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз