
Әкімдердің есебі әлі жалғасып жатыр. Кеше Маңғыстау, Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдері есеп берді.
Баяндамаларын қарасаң, бұл аймақтарда жұмақ орнауына аз-ақ қалғандай әсер қалдырады. Бірақ, халық түйткілді дүниелерді айтып қалуға үлгерді.
Халықпен онлайн кездесу өткізіп, есеп берген Маңғыстау облысының әкімі еліміздегі төртінші мұнай өңдеу зауытының дәл осы өңірде салынуын дұрыс деп санайды. Тіпті, Алик Айдарбаев бұған инвесторларды қалай тартып, бүгінгі таңда тек он бес пайызы ғана елімізде қалып, қалғаны импортталып кететін қара алтынды ішкі нарықта қалай ұстап тұру құпиясын білем дейді.
Ал Жамбыл облысы әкімінің есебін тыңдауға келген тұрғындарда есеп болмады. Көптің ызасын облыс орталығындағы жабайы базармен күрестің сылбырлығы тудырыпты.
«Премьер министр тапсырма берді тағы да. Осыны жөндеңдер деп. Осының себебі не? Күшіңіз жетпей жатқаны ма? Әлде тіліңізді алмай жатыр ма? Бәріміз соған көмектесейік соған жауап беріңізші», — деп сауал тастады тұрғындардың бірі.
«Сұрағыңыз өте орынды. Оның себебі бар. Мына жабайы базарлар шағын кәсіпкерлер. Оларды біз тексере алмаймыз. Осы жерде күштік құрылымдар отыр. Мараторий бойынша біз жыл аяғына дейін оларға тексеріс жүргізе алмадық», — деді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев.
Ал жаңа қызметке тағайындалғаннан бері алғаш рет халық алдында есеп берген Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов орыс драма театрының залына қарамағындағыларының барлығын алып келді.
Кездесуде өткен жылы бес миллион тонна астық жинадық деген облыс әкімі, жергілікті өнімдердің өтімділігін арттыру үшін жәрмеңкелерді жиі өткізуге сөз берді.
Дегенмен небәрі бір сағат жиырма минутқа созылған әкімнің халық алдындағы есебінде жалығып кеткендер қалғып та үлгерді, енді бірі ұялы телефонында ойын ойнап отырды. Бір қызығы әкімге сұрақ қойып қалғысы келетіндердің саны көп болмады.
По сообщению сайта Nur.kz