Оралдағы әуежайдың дауына әкім араласты. Облыс басшысы Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, жағдайды ушықтырып отырған «Бек Эйр» компаниясы екен.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.
Бәсекелестерден құтылу үшін олар әуежайдың ұшып-қону жолағы жарамсыз, үлкен ұшақтар апатқа ұшырауы мүмкін деп қауесет таратыпты.
«Ақ жол» әуежайы бірнеше жыл бойы өзін тек жаман қырынан көрсетіп келеді. Бастапқыда жолақ жағдайының нашарлығынан «Эйр Астана» Оралға ұшақ жіберуден бас тартқан. Арынша, мемлекет жеке меншікте болған жолды сатып алды.
Жөндеу жұмыстарына 6 млрд теңге жұмсалып, екі ай ішінде әуе кемелері үшін жаңа жол төсеген болатын. Кейін әуежай басшылығы мұз тазартатын құрал жоқ. Көктайғақта қауіпсіздікке жауап бере алмаймыз деп тағы шықты.
Енді «Эйр Астананың» бірде-бір рейсін қабылдамаймыз деп отыр. Себебі салмағы 46 тоннадан асатын ұшақтар қону алаңына нұқсан келтіреді екен. Әкім бұны ұйымдасып, қасақана істелген әрекет деді.
«Әуежай басшылығы мен «Бек Эйр» компаниясы ауыз жаласып, осылай жасады. Олар өзге әуе компанияларын Оралға кіргізбеудің амалын қарастыруда. Түсетін барлық табысты бөлісіп, жолаушыларды тек өздері тасымалдауды көздеп отыр», – дейді БҚО әкімі Нұрлан Ноғаев.