Германияның Дюссельдорф қаласында басталған дзюдодан әлемдік Гран-при кезеңінде қазақ спортшысы Рустам Ыбыраев қола жүлдегер атанды деп хабарлайды NUR.KZ.
Фото: fdk.kz
60 келіде сынға түскен Ыбыраев өз тобында басқа емес, әлем чемпионы, «Үлкен Дулыға», «Гран-при» турнирлерінің бірнеше дүркін чемпионы, жапондық Наохиса Такатоны жеңді.
Ыбыраев бұдан бөлек британдық Эшли Маккензиді ұтқан. Алайда, болашақ финалист, кореялық Ким Вон Джиннен «ваззари» ұпайы бойынша жеңіліп қалды.
Жұбаныш белдесуінде француз спортшысынан басым түскен Рустам Ыбыраев қола медаль үшін күресте Еуропа чемпионы, әлем чемпионатының қола жүлдегері Амиран Папинашвилиді ұтты.
Осы салмақтағы ұлттық құраманың үздігі, дзюдодан Азиаданың алғашқы алтынын сыйлаған Елдос Сметов тағы бір жапондық Шишиму Туреден ұпай саны бойынша жеңіліп қалды.Тиісінше, Шишиме осы турнирдің жеңімпазы атанды.
Еске сала кетейік, дзюдодан 2015 жылғы ресми жарыстар Дюссельдорфтағы турнирден басталады. Тамыз айында жылдың ең айтулы оқиғасы – әлем чемпионатын Астана қаласы қабылдайды.