Ғалымдар: Алдағы 100 жылда антарктидалық мұздықтар толық еріп кетуі мүмкін. Алдағы жүзжылдықтың орта шенінде Солтүстік Мұзды мұхиттағы антарктидалық мұздықтардың толық еріп біту қаупі күшейді. Өйткені қазірдің өзінде Оңтүстік полюсте оның 1 миллион шаршы шақырымы жойылған. Ал осыдан он жыл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда 13,7%-ға кеміген. Пингвиндер мен итбалықтар күн көзіне жылынып, қарда ойнап мәз. Өкінішке қарай олар мекен ететін материктің күн өткен сайын жойылып жатқанын білмейді. Британиялық антарктикалық қызмет мамандарының айтуынша, былтыр құрлықтың батыс аймағы бұрынғыдан да қатты еріп, мұзды жер азайып кеткен. Питер Конви, Британиядағы антарктикалық қызмет зерттеушісі, профессор: – Біз алғаш рет Антарктикадаға осыдан 25 жыл бұрын аяқ басқан едік. Ол кездегі көрініс мүлде басқаша болатын. Қазір мұздықтардың көбі еріп, жойылса, кейбір жерлерде жұқарып кетті. Бұған ең алдымен жаһандық жылыну себеп. Салдарынан құрлықтағы сулардың ағысы өзгеріп, өсімдіктер мен жануарлардың өсіп, көбеюіне зиян келтіріп жатыр. Жер жаһан үшін басты мәселенің түйіні шешілер емес. Алайда оны өз көзімен көріп, тығырықтан шығар жолды іздеуге атсалысып жатқан адамдардың да қатары жыл сайын көбейіп келеді. Ғалымдардың айтуынша, құрлыққа қызығушылық танытқан туристердің саны соңғы кездері екі есеге көбейген. 2014 жылы Антарктидаға 37 мың адам ат басын тіреген екен. Луис Торрес, антарктикалық сүңгуір: – Саяхатшылардың күн санап артуына себеп тізе берсең, көп қой, әрине. Әркімнің өз мақсаты бар. Бірақ олардың ең бастысы – осы жердегі табиғаттың адамзат дамуының әсерінен ешқандай өзгеріске ұшырамай, қаз-қалпында сақталуы деп ойлаймын. Осыдан 200 жылдай уақыт бұрын ашылған материкке алғашында адамдар киттер мен итбалықтарды аулап, қанжығасын майлау үшін ағылса, қазір мұнда оның еруіне тосқауыл болар жол іздеген белсенділердің қатары көбеюде дейді ғалымдар.
Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/lemde/item/51052-toly-erip-ketui-m-mkin