Қазақстан әскері тек қана кәсіби жауынгерлерден жасақталмайтын болды. Осыдан екі жыл бұрын еліміздің Қорғаныс министрлігі 2016 жылдан бастап Қарулы күштер қатарына сарбаздарды тек келісімшарт негізінде қабылдаймыз деп мәлімдеген болатын.
Яғни келер жылдан бастап 18 -27 жас аралығындағы азаматтар әскер қатарына міндетті түрде шақыртылмайды деп жоспарланған. Алайда Қорғаныс министрлігі қазір бұл ойынан айнып қалған сияқты. Сондықтан Қарулы күштер қатарына қабылдау ескі тәртіп бойынша жүргізіле бермек.
Қорғаныс министрлiгi Бас штабының басқарма бастығы Амантай Өсербаевтың айтуынша, Қарулы күштер қатары аралас үлгі бойынша жасақталынады. Сондықтан азаматтарды әскерге шақырту тоқтатылмайды.
«Мәселен жыл сайын қарулы күштер қатарына шамамен 8 мыңға тарта жас жігіт шақыртылады. Ал келісімшарт негізінде 5-6 мың сарбазды жұмысқа қабылдаймыз», – деді ол.
Келісімшарт негізінде тек кәсіби сарбаздарды қабылдау дұрыс емес. Қорғаныс саласының ардагері Әмірбек Тоғысов осындай пікірде.
Кезінде осы салада министрдің орынбасары болған азамат «жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін міндетті түрде әскерге шақыру керек», – дейді.
1997-2000 жылдар аралығында Қорғаныс министрінің орынбасары болған Әмірбек Тоғысов: » Компютердің алдынан шықпайтын бүгінгі ұрпақ ел басына күн туса қайда барарын білмей абдырап қалуы мүмкін. Сондықтан оларды әскерде шыңдап, өмір мектебінен өткізу керек», – деген пікірде.
Сондай-ақ мамандар «әскер қатарын тек кәсіби жауынгерлерден жасақтау қаржылық тұрғыдан да тиімсіз», – дейді. Себебі келісімшарт негізінде жұмысқа қабылданған сарбаздардың әлеуметтік жағдайын жасап, баспанамен қамтамасыз етуде мемлекет шығындалады. Сондықтан Отан қорғауға кәсіби мамандар мен қарапайым азаматтар теңдей тартылуы тиіс деген пікірде.