«Астана арландары» аргентиналық боксшыларды ойсырата жеңді

0
345

«Астана Арландары» WSB жобасындағы алтыншы кездесуінде де жеңіске жетіп,  Аргентина боксшыларын ойсырата жеңді. Есеп – 5:0, деп жазады «Алаш айнасы».


Бұл жолы «Астана Арландары» қарсыластарын Алматыда қабылдады. Алатау бөктерінде алыстан келген қонақтарына үстемдік танытты.

«Astana Arlans» – «Argentina Condors» – 5:0

52 келі: Азамат Исақұлов – Рикардо Ибарра – 3:0 (50:44, 50:44, 50:44)

Азамат қарсыласын күмәнсіз жеңді. Басына әңгір таяқ ойнатып, соққыларын діттеген жеріне дөп тигізе білді. Шаршы алаңда шалт қимылдап, ширақ қозғалды.

60 келі: Роман Щегринов – Брайан Нуньес – 3:0 (50:45, 50:45, 49:46)

Романның қарсыласы көп соққы жұмсады. Бірақ оның қалай болса, солай сілтеген жұдырықтары «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деген сөздерді есімізге түсірді. Ал Роман нық соққыларымен қарсыласын тықсырып, басым түсті.

69 келі: Данияр Елеусінов – Луис Верон – 3:0 (50:45, 49:46, 50:45)

Даниярдың деңгей әлдеқайда жоғары екендігі байқалып-ақ тұрды. Даниярға бес раунд бойы жұдырықтасып, «тер шығарып алу» керек екендігін де байқадық һәм топшаладық. Әрине, Даниярдың жеңіске жеткендігіне ешкім де шүбә келтіре алмайды.

Тек өзі жартылай кәсіпқой бокста қалай жұдырықтасу керек екендігі жөнінде біраз ой түйген болар деп ойлаймыз. Өйткені, бұл жекпе-жек оған тәжірибесін толықтыра түсіп, қорытынды шығару үшін ғана керек еді.

81 келі: Хрвое Сеп – Хосуе Оливера – 3:0 (49:46, 50:45, 49:46)

Басында бізге Хрвое қарсыласын сұлатып салғысы келгендей болып көрінді. Бірақ бір ұрып, жалп еткізе алмады. Десек те, басымдық танытып, пәрменді соққыларымен біраз түйгіштеп алды. Қарсыласы бес раунд бойы айқасып, төтеп бергендігіне разы шығар.

+91 келі: Филип Хргович – Карлос Ортега – TKO (R2, 1:59)

Филип тағы да техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Бұл жолғы қарсыласын екінші раундта екі мәрте бүйірінен, бауырынан ұрып, «екі бүктеп» тастады. Бойы Хрговичтен әлдеқайда аласа Ортеганың хорват қыранынан қаймықпай, рингке шыққанының өзіне тиісті бағасын бергеніміз жөн болар.

Источник: Алаш Айнасы

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз