Жұмыс орны бар, ал мамандар қайда?

0
421
4
Жұмыс орны бар, ал мамандар қайда? Мұнайлы өлкеде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі жиі өткізіліп тұрады. Мәселен, бүгін қажетті маман іздеген 28 компания 230 жұмыс орнын ұсынды. Мұнда жұмысы болса да, жоғары жалақы іздеп, бағын сынағалы келген жандар бар. Дегенмен жастардың көпшілігі өндіріс басындағы қара жұмыс істеуді емес, кеңседе отырып, күреп ақша тапқысы келеді. Нұржан Ғанимұрат, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары: – Жастарымыз көбінесе жұмысшы, техник мамандары ретінде төменнен бастағысы келмейді. Бірінші кезекке жалақыны қояды. Кейін жұмыс істегім келмейді деген мәселелерді айтады. Жұмыс берушілердің де өз уәждері бар. Сондықтан жастар мен жұмыс берушілердің арасындағы түсіністікті күшейту қажет болып тұр. Облыстағы жоғары және кәсіби білім беру мекемелері жыл сайын 24 мыңға жуық маман даярлап шығарады. Олардың дені қазір өндіріс орталықтарында жұмыс істеп жатыр. «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» қоғамдық ұйымының мүшелері жастардың мамандық таңдау ісіне тағы бір жаңалық қоспақ ниетте. Олардың тың жобасы мектеп бітірушілерді, мұғалімдер мен ата-аналарды мамандық таңдауға ерте бастан және баланың қабілетін жан-жақты зерттеп барып кірісуді мақсат етеді. Ұлықбек Тінәлиев, «Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» ҮЕҰ төрағасы: – Біздің жобамыз осы салаға арналған. Біріншіден, әдістемелік тесттердің бәрін қолдану арқылы оның қандай мамандыққа мүмкіндігі бар екендігі анықталады. Жастар ұйымы болашақ түлектің білім деңгейі, қандай мамандыққа қабілеті бары және еңбек нарығында қандай кәсіп сұранысқа ие екендігін алдын ала сарапқа салып барып шешім қабылдауға кеңес береді. Тәжірибелік сыннан өткізіліп жатқан жобаның нәтижесі алдағы бір-екі жылда белгілі болады.

Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/51154-dar-ajda

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз