Әлқисса. Енді осы проблеманың себептерін айқындап көрейік. Сөз жоқ, ең басты себеп – имансыздықта. Дін мен ділдің тұрмыстан тыс қалуында. «Отан – отбасынан басталады» дейді қазақ. Ал сол отбасының діңгегі – дін мен діл, ұлттық өре мен рух. Алайда, қазіргі қазақ отбасыларында ондай қасиеттер азайып барады. Тіпті, кейбіреуінде жоқтың қасы. Соның салдарынан бүгінде кей ата-ана қыздарын адал жар, аяулы ана, ибалы келін болуға емес, кәсіпкер, шенеунік болуға тәрбиелеп, бай-лыққа жетудің жолдарын үйрет-кенді оң көреді. Кейін әлгіндей тәлім алған қыз бала билікке ұмтылып, дүниеге құмартары айдан анық. Ондай нәзікжандылар үшін ана атану, сүйікті болу екінші кезектегі шаруа. Күйеуге тиген күннің өзінде жарына сөзін өткізіп, отбасын өзі билеуге ұмтылады. Ал ері айтқанына көнбесе, олар үшін ажыраса салу түк емес. Осы мәселеге қатысты өз ойын білдірген бір кәсіпкер апамыз қыз баланың дербес болуын ақтамақ болып: «Егер күйеулері тастап кеткен жағдайда өмір көшіне ілесіп, өз күнін көре алатындай болу керек. Сол үшін әйел адамдардың дүние жиып, билікке құмартуында еш сөгеттік жоқ», – депті. Бұл не сонда? «Ынтымақ-бірліктің ұйытқысы бол» деудің орнына, «Ертең жарың тастап кетеді. Соған дайын бол! Есеңді жіберме» дегені қалай? «Қосағыңмен қоса ағар» дейтін қазақтың бұлайша сұйықталғанына жол болсын. Әрине, мұндайлардың қолтығына су бүркіп отырған батыстың батпаққа батырар саясаты екені айтпаса да түсінікті.Жоғарыдағыдай таяз ойлайтын апаларымыз ерлердің не үшін әйелдерін тастап кететінін ойлап көрді ме екен? Бұл еркек кіндіктілер сүттен ақ, судан таза деген сөз емес. Бірақ, «айтпаса, сөздің атасы өледі» демекші, мәселенің басын ашып алған дұрыс. Өйткені, бұл жерде ағаттық көбіне нәзікжандылардан кетеді екен. Осыған байланысты көрші Ресей елінде ажырасқан еркектер арасында сауалнама жүргізіліпті. Нәтижесінде, қатысушылардың жартысынан көбі әйелдері көздеріне шөп салғанын айтыпты. Сондай-ақ, кейбірі жарының ең болмағанда, жұмыртқа қуыруды білмейтінін айтып, өкпе-назын білдірген. Әрине, біздің орыстармен қалыбымыз бөлек болса да, мұндай мәселелерде көп айырмашылық жоқ. Себебі, біз 70 жыл бір астаудан ас ішіп, бір тудың астында құдайсыздықты ұрандап келдік. Оның үстіне қазір де екі елдің ақпарат кеңістігі мен бағыт-бағдары өзара қабысып, астасып жатыр. Демек, біздегі жағдай да көрші елден көпалысқа ұзай қоймасы анық.
Негізі ажырасқандар әртүрлі себептерді алға тартып жатады. Солардың ішінде көп кездесетіні мінездерінің жараспауы, көзге шөп салу және ішімдіктің салдары екен. Бейресми деректерге сенсек, соңғы уақытта қыз-келіншектердің жеке бастарының мақсаты үшін ауқатты, бай еркектерге күйеуге шығып, көп ұзамай қайта ажырасып кету оқиғасы да жиілеп кеткен. Сондағы арам пиғылды әйелдердің көздегендері – еркектің жиған-терген дүниесіне ортақтасып, заң шеңберінде оның мүлкіне қол салу. Сондай-ақ, перзенттің болмауы, діни көзқарастың сәйкеспеуі, тұрмыс тауқыметі, еріксіз үйлену және ене мен келіннің тіл табыспауы да жұбайлар арасына өз салқынын тигізіп отыр. Жалпы, ене мен келіннің жараспауы ұлтымыз үшін ұят саналатын, дініміз үшін құптал-майтын қылық. Өйткені, бұрынғы апаларымыз келіндерін қызда-рындай көріп, білмегені болса, үйретіп, сол әулеттің болашақ отанасы қылып тәрбиелейтін еді. Соған сай келін де енесіне ілтипат көрсетіп, алдын орамайтын. Сондай-ақ, ене мен келіннің анасы мен қызындай екенін ескерсек, екеуара салқындық ислами көзқарасқа қайшы. Бұл жөнінде қазақ енелерге қаратып: «Келінді ұлың тапса, ұлыңды өзің таптың. Енді кімге ренжисің?», – дейді. Демек, ене тырнақ астынан кір іздемей, келіннің еркелігін кешіріп, бір сәт өзінің келін болып келген кезін есіне түсіріп, баласы және әулет абыройы үшін жас шаңыраққа мейлінше қолдау білдірсе, саналы ұлт, салиқалы ұрпақ қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан болар еді. Сол кезде келін де бар жасауын жинап, «төркінге кетем» деуін доғарары хақ. Соңғы кездері ерлі-зайыптының арасына түсіп, ажырасуға апаратын тағы бір тың себеп пайда болды. Ол – интернет. Өйткені, қазір ғаламторда жедел хабарлама ар-қылы сөйлесетін бірнеше қызмет түрлері бар. Соның ішінде біздің елде ең көп тарағаны – орыстың мэйл.ру.агент қызметі. Бүгінде агент дейтін әлекті пайдаланбай-тын қазақ жоқ десек, артық айтқандық емес. Қызмет бабымен немесе шұғыл жағдайда пайдалан-са, қанеки. Алтын уақытын өлтіріп, түн ортасында да компьютер мен ұялы телефонға шұқшиып отыратындар бар. Агенттің зияны сол, ол жерде біреумен танысу, достасу оп-оңай. Суретің мен өзің туралы деректі енгізуде де еш қиындық жоқ. Агентке еш себепсіз қосылып, өзіне дос іздейтіндердің ішінде бала-шағалы жандар да бар. Бірақ, «күйеуім немесе әйелім бар-ау» деп қысылып жатқан ешкімді көрмейсің. Бір қызығы, интернеттен өздеріне нақсүйер тауып алатындар да бар. Ондайлар виртуалды сүйіктісімен еш кездеспесе де, өзінің жарын ұмытып, оған назар аудармай қоятын көрінеді. АҚШ-тағы ажырасулардың 68 пайызы дәл осындай себептен болады екен. Егер ұрпақ қамын ойласақ, қазірден бастап ажырасудың алдын алғанымыз дұрыс. Себебі ел іргесіне сызат түсіретін бұл әрекеттің зияны шаш-етектен. Ең бірінші баланы әкесіз яки анасыз қалдырады. Ал әке-шешесіз өскен жас ұрпақ кейін ұлттың, қоғамның алға жылжуына қас болып, қарсы әрекетке бармасына ешкім кепіл болмайды. Сонымен қатар ажырасқан көп әйелдер жүйкелері сыр беріп, жеңіл жүріске салынып кетуі де ғажап емес. Тағы бір түйткілді мәселе – демография. Бір қазақты екеу ете алмай жатқан қазіргі кезде ажырасу халық санының көбеюін тежейді. Оның үстіне ажырасу бүгінгі қарқынмен өсе берсе, алдағы 10-15 жылдың ішінде 50 пайызға жету қаупі бар. Ең сорақысы, бұзылған некенің салдарынан ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас үзіліп, тіпті бір-бірін танымайтындай деңгейге жетуі мүмкін. Бұл көп жағдайда әйелі балаларымен араласуына қарсы болуына бай-ланысты әке тарапынан орын алады. Дәл осы жағдай өте қауіпті. Өйткені, елімізде осындай жағдайды пайдаланған ажырасқан әйел күйеуінен кек алу мақсатымен қызын жезөкше қылып, әкесінің астына салып бермек болған. Алла ондайдан сақтасын! Міне, бұл ажырасудан келетін апат! Бұл апат жойқын зілзаладан да қауіпті. Өйткені, таразының бір жағында тұтас ұлт тұрғанын естен шығармау керек. Демек, етек-жеңді жинайтын кез келді. Ажырасуға бүкіл халық болып қарсы тұру керек. Қажет болса, билік ажырасқандарға салық немесе айыппұл салғанның да еш артықтығы жоқ. Онсыз да шайлықтан аспайтын айлықтан салық жиналып, шалыс басып, тайып құлағанға айыппұл са-лынып жатыр. Ресейдегі сияқты ерлі-зайыптылар арасындағы ынтымақты арттыру мақсатында «Отбасы бірлігі» күнін енгізудің де пайдасы болары сөзсіз. Ажырасуды болдырмайтын себептердің ең бастысы – әйелдің үйде отыруы. Егер осы жағдай орын алса, қоғам үшін пайдалы, ел ертеңі үшін жасалған стратегия болар еді. Осы мәселеге байланысты АҚШ экономисі, Нобель сыйлығының иегері Г.Беккер «Отбасы туралы трактатында»: «Үйде отырып отбасына ғана көңіл бөлген әйел қоғамдық жұмыстармен айналысқан күйеуінен мемлекетке көп пайда әкеледі», – деген. Тағы бір американдық саясаткер, Р.Никсон, Дж. Форд және Р.Рейган сынды үш бірдей президенттің кеңесшісі болған Патрик Джозеф Бьюкенен «Батыстың ажалы» атты кітабында: «Ірі және шағын бизнес әйелдерді ана мәртебесінен айыруда, оларды отбасынан бөліп әкету үшін оңтайлы шарттар ұсынып жатыр, – дей келе, отбасына қысым күшейді. Еркектер кәсіп десе, ішкен асын жерге қоятын әйелдердің талабына көнуге мәжбүр болып қалды. Отағалық және әкелік міндетінен ажыраған олар тайғақ жолға тап болып, кейбірі түрмелерге түсті», – деп сөзін түйіндейді. Бұл не? Бұл, әрине, өздерінен бастау алған саясаттың салдарынан өзек күйгенін мойындау және өзгелерге ескерту. Иә, гендерлік саясат тек батыстың ғана емес, барлық әлемнің ажалы болуы мүмкін. Өйткені сөз атасы Майқы би: «Ақырет жақындағанда әйел би болар, еркек жасып, и болар», – деп әйелдің төрелік айтқаны ақыреттің белгісі екендігін айтып кеткен. Сөз жоқ, әйел, ұлттың ұйытқысы, отбасының берекесі. Бірақ «жаман әйел жақсы еркектің басын көрге сүйрейді» деген қазақ ешқашан әйелдерін еркінсітіп қоймаған. Барлығын шариғат өлшемімен бағамдап, соған амал еткен. Сондықтан қазақ әйелдері ажырасу тұрмақ, күйеуіне қарсы келмеген. Ендеше, ұлт болашағына төнген қауіпке қазіргідей салғырт қарамай, ел ертеңін ойлап, еңсені түзейтін кез келді. Мүмкін тәуелсіз 20 жылда экономикамыздың қарыштап дамығаны рас шығар, бірақ ұлттық, рухани құнды-лығымыздың әлі де болса ақсап жатқаны жасырын емес. Сондықтан ендігі кезекте басым бағыт пен басты назарды осыған аударған жөн. Еламан Қоңыров |