
Ақтөбе облысында жер үй өртеніп кетті, деп хабарлайды Вnews.kz.Алға ауданындағы күлге айналған үйден орта жастағы әйел адамның мәйіті табылған. Ал өрт баспананың төр бөлмесінен шығыпты. Санаулы уақыт ішінде барлық бөлмелерді шарпып үлгерген.
Осы оқиғаға байланысты қайтыс болған әйелдің туыстары сол үйде бірге тұрған күйеу балаларынан күдіктеніп отыр.
«Менің апам ұйықтап жатқан. Ал жиен қарындасым болса күйеуімен ұрысып қалыпты. Оны күйеуі үйге кіргізбей қойған. Қарындасымыз таксимен әжесінің үйіне барған бойда үйдің өртеніп жатқаны туралы хабар алады. Өртті қасақана қойған деп ойлаймын. Себебі от асүйден немесе газ құрылғылары тұрған жақтан шықпаған. Қонақ бөлмеге барып, біреу әдейі от тұтатпаса, қалай жанады? 54 жастағы қайтыс болған апамыздың да ес білмей ұйықтап қалғанына күмәнданамыз. Оны өрттен құтқаруға болар еді ғой. Терезелер де ашық болған» , — дейді Алға қаласының тұрғыны Дмитрий Манойлов.
Қазір осы оқиғаға байланысты тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Өрт сөндірушілер облыстық ішкі істер департаментіне сараптама үшін қажетті материалдарды табыстапты.
Енді олар мән-жайдың ақ-қарасын анықтайтын болады.
По сообщению сайта Nur.kz