
Өткен жылдың соңында елімізде ертегілер порталы жарық көргенін хабарлаған болатынбыз. Бүгінде аталған жоба жаңа туындылармен толығып отыр.
Бұған дейін оқырманға эстрада жұлдыздарының оқыған ертегілерін ұсынып келген портал енді жас аналарға бесік жырын да қоса үйретпек. Қарақат Әбілдина, Жанар Дұғалова және Гүлмира Сарина сынды әншілердің орындауындағы бесік жырын аталған порталдан онлайн тыңдауға мүмкіндік бар.
«Негізі, бесік жырларын, ұлттық ертегілерді тыңдап өскен баланың тәні де, жаны да сұлу болып өсетін белгілі. Ал, қазақ ертегілерінің ғасырлар бойы жинаған даналығы, аңыз кейіпкерлерінің бойындағы ең жақсы қасиеттер, олардың ерлігі кішкентай тыңдармандардың бойында шынайы патриоттық сезім оятып, өз тарихына, өз тіліне деген сүйіспеншілік тәрбиелейтіні бұрыннан аян», — дейді жоба авторларының бірі Марат Ахметжанов.
Айта кетейік, портал қорындағы ертегілер саны бүгінде 29-ға жетіп отыр. Жуырда олардың қатарына Алмас Кішкенбаев, Жанар Айжанова және Нұрлан Қоянбаевтар оқыған ертегілер де қосылды.
По сообщению сайта Nur.kz