
Былтыр жазда хакім Абай мен оның замандасы әрі досы Михаэлиске Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскемен қаласында ескерткіш орнатылған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен келер тұста қойылған мүсіндердің асығыс әрі ұқсамағаны көпшіліктің көзіне оттай басылған-ды. Ескерткіш мүсінде Абай атамыздың басын қауғадай, денесін қортық етіп кішірейтіп, ал Михаэлисті суретке түсейін деп тұрғандай бейнелеген еді. Жасаған мүсінші осал ма, әлде «гипс» жетпей қалды ма, ол жағы белгісіз… Анығы, екі кемеңгердің ескерткіш нобайы көпшіліктің тарапынан қатты сынға ұшырап, мүсін орнатылғаннан кейін екі күннен соң алынып тасталған. Бұл туралы ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар өзінің «Twitter» әлеуметтік желісінде жазған.
Міне, содан бері ескерткіштің орны бар да, мүсіні жоқ. Интернет-сайттардағы мәліметтерде, Өскемен қаласының әкімдігінің баспасөз өкілі Аяужан Әшімова ескерткіш жақын арада қайта орнатылады деп еді:
«Өскемен қаласында Абай даңғылы мен Михаэлис көшесінің қиылысында қойылуы тиіс Абай мен Михаэлиске арналған ескерткіштің о бастағы бекітілген макетке сәйкессіздігі анықталған. Сөйтіп, ескерткіш қайтадан авторлардың шеберханасына қайтарылды. Ескерткіш дайын болғанда қайта орнатылады. Авторлары Владимир Самойлов пен Евгений Непьянов. Ескерткіш фибробетоннан жасалған. Ал технология бойынша мұндай материалдан ескерткіштер 10, әрі кетсе 30 күн ішінде жасалады. Ескерткіштің құны дайын болғанда анықталады. Әзірге ескерткіш авторларына ешқандай қаражат төленген жоқ», — деген екен. Алайда, одан бері 10 немесе 30 күн емес, жарты жылдан астам уақыт өтті. Ескерткіш жоқ.
Араға уақыт салып, Өскемен тұрғындары жетім тұғырға қарап, қос тұлғаға арналған ескерткішті қайта іздей бастады. Жергілікті басқару жүйесі ұмытса да, халық ұмытпапты. Бұл туралы бүгін сайтымызда жазған болатынбыз. Қала тұрғыны Сәрсенбек Смағұловтың айтуынша, ескерткіш қойылғаннан кейін ол тапсырушыға да, тұрғындарға да ұнамаған. Сондықтан алынып тасталған. «Қайта орнату үшін әкімшіліктің құлағын әкім бұрау керек. Әлі бұрайтын адам жоқ. Мен сол маңнан жиі жүремін. Ескерткішсіз тұғырдың тұрғанына көп болды», — дейді Сәрсенбек Смағұлов.
Ескерткіштің қашан қалпына келтірілетіні қала тұрғындарын былай қойғанда, әкімшілік қызметкерлі үшін де беймәлім. Осы ретте, мәселенің мән-жайын анықтау үшін ШҚО құзырлы орындарына хабарласқан едік. Алайда, біріне-бірі сілтеген облыс әкімдігінен тұщымды жауап алу қиынға соқты.
Тек Өскемен қаласы, Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Жанар Алқанова сауалымызға жауап қатты: «Біз биыл қаңтар айында осы Абай мен Михаэлистің мүсінін қайта жасау үшін байқау жариялағанбыз. Бұл байқауға 30 күн ішінде мүсіншілер өз ұсыныстарын білдіріп, үздік деп танылғаны мүсін жасайды. Мақсат – мүсіншілер арасында сапалы, көркем, жақсы идеясы бар ескерткіш жасау. Бұл туралы «Казахстанская правда» газетінің осы жылдың 24 қаңтардағы санында хабарландыру жарияланды. Байқау қатысушыларының өтінішін арнайы құрылған комиссия қарап, шешімін шығаратын болады. Мүсіннің қашан бітіп, орнатылатыны және қаржы қоры белгісіз», — деп қысқа қайырды.
Биыл қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаевтың 170 жылдық мерейтойы. Осы мереке қарсаңында ұлы бабамызды ұлықтап, ұлылығын танудың орнына ескерткішін ергежейлеп қоюмыз ұлттығымызға сын емес пе?
Уақыт – төреші. Мәселе біздің тараптан айтылды, ал оның мәнісін анықтап, олқылықты реттеу Шығыс Қазақстан облысы атқамінерлерінің еншісінде қалып отыр.