Шын-ақпарат
Жуырда отандық Esquire журналы АҚШ-қа барып порножұлдызға айналған 23 жастағы Жанар есімді қазақ қызы туралы жазыпты. Журнал тілшісі әңгімені кейіпкердің өз аузынан жазып алған-мыс. Әңгімеден аңдағанымыз, Жанардың шешесі қазақы тәрбиені көрген, әкесі Ислам дінін берік ұстанатын адамдар болған. Ал Жанардың өзі әйгілі киножұлдыз атануды армандаған екен. Оның бұл мақсаты Work and Travel арқылы Лос-Анджелеске барғанда орындалады.
Лос-Анжелесте ақшадан тарығып жүргенде бір күні Жанарға әлдебір еуропалық жігіт 800 АҚШ долларына порно киноға түсуді ұсынады. Мұндай ұсыныстан біздің «жабайы» ұлттың «санасыз» қызы бас тартсын ба, бірден келісе кетеді. Бастапқыда бір еркекпен жақындасқан Жанар, келесіде 1300 АҚШ долларға екі еркекпен қатар «болуға» келісім береді. Сонымен не керек, Жанарымыз елге оралып, бір жылдан кейін күйеуге де тиеді. Тілшіге өзінің қазір үлгілі келін, аяулы жар болып отырғанын және басынан өткен жағдай үшін еш өкінбейтінін айтыпты.
Қысқасы осы. Мұны жазып отырған Анвар Мүсрепов деген әріптесіміз. Біздің ойымызша Анвардың жазып отырған әңгімесі ойдан шығарылған оқиға. Бетін аулақ қылсын, бірақ шын болған күннің өзінде Анвардың көздеген мақсаты не сонда? Порнографияны насихаттау ма, жоқ әлде қазақ қызы арқылы қазақты бұзылған ұлт ретінде көрсету ме?
Жалпы мерзімді басылымдарда қызмет ететін тілшілердің барлығы порнографияның «жілігін шағып, майын ішіп» жүрген адамдар деп ойламаймыз. Олар бұл тақырыпқа рейтинг деген жегі құт көкіректерін тесіп бара жатқан соң амалсыз барады. Ал мақалалардың кейіпкерлері көбіне ойдан шығарылады. Онысы шылғи өтірік екені көзге ұрып тұрады тағы. Ал сол кейіпкерлер кімдер дейсіздер ғой? Қазақтың «жезөкше» қыздары мен «қызтеке» еркектері негізінен.
Орыстілді БАҚ-ты қойшы, бәрінен де өзіміздің ана тілімізде шығатын ақпарат құралдарының күйігі өтіп барады. Кезінде «Алаш баласы айнаңа қара» деп ақпарат айдынына айбынданып шыққан шыққан «Алаш айнасы» газетіне не жорық десеңші. Сайтқа айналғалы бері бұл ақпарат құралынан ұят кетті. Бір қызыңды түріктің, бір қызыңды орыстың қолтығына қыстырып, еркектеріңді қызтеке айналдырып жіберіп, әкесі мен қызын, анасы мен ұлын жақындастырып мәз болып отыратын болды бұл сайт. Сенбесеңіз сайттың «Отбасы — ошақ қасы» айдарына шыққан мақала тақырыптарын қараңыз: «Әкем Алматыда басқа роман бастады…», «Мені қызғанған әйелім көңілдесімді сабап тастапты…», «Сүйгеніммен жасырын өмір сүріп жатқаныма 20 жыл болды…».
Бұл порнография емей, немене? Басқасы былай тұрсын, тақырыптарының өзі әдеп нормаларына сәйкеспей тұр емес пе? Ал бұл мақалаларды жас та, кәрі де бірдей оқиды. Ер мен әйелдің арасындағы анайы қылықтарды ашық суреттеп, шаңырағы шайқалған отбасылардың әңгімелерін халыққа жариялаудан не ұтады бұл сайт? Жоқ әлде олар да қазақты бұзылған халық көре ме екен?
Жуырда Парламент Сенаты «Балаларды денсаулығына дәне дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң жобасын мақұлдады. Ал осыған дейін біздің ел «Порнографиялық басылымдар айналымының және оларды саудалаудың жолын кесу туралы халықаралық конвенцияны ратификациялау туралы» заңды қабылдады. Ол құжатта «Қазақстанда порнографиялық сипаттағы материалдарды тарату, көпшілікке көрсету мақсатында дайындау немесе сақтау, жеке өзі немесе басқа адам арқылы айналысқа шығару, бизнес жасау және сату мақсатында жарнамалау — қылмыс» екені айтылған.
Демек, жоғарыда ұлтты қорлап, порнографиялық сипатта мақалалар жазған ақпарат құралдарының ісі қылмыс болып саналады. Мұндай сорақылықтарға құқық қорғау органдары мен ақпарат комитеті ендігі уақытта жол бермейді деген үміттеміз.По сообщению сайта Матрица.kz