Ақтауда мекеме басшысы жедел жәрдем көлігін тойға мініп, балық тасытқызған

0
374

 

Ақтауда медициналық мекеме басшысы жедел жәрдем көлігін тойға мінген. Тіпті қызметтік машинамен балық тасытқызады екен деп хабарлайды КТК арнасы.

Ақтауда мекеме басшысы жедел жәрдем көлігін тойға мініп, балық тасытқызған

«Бірнеше жылдан бері жалақыны өсірмей, сыйақы да бермей жүрген Болат Тайшыбаевтың осындай былықтары бар», – дейді мекеменің жүргізушілері.

Бас дәрігер әрине мұның бірін де мойындаған жоқ. Ал сыйақының төленбеуін артық ақшаның жоқтығымен түсіндіреді. Солай дей тұра есепшілеріне 60 мың теңгеден ақша үлестіріпті. Талай өмірді құтқару үшін өз өмірін қатерге тігіп, жедел жәрдем көлігін ұйтқыта айдайтын жүргізушілер. Барлығы ауруханада кемі 5 жылдан жұмыс істеген. Алайда осы уақыт аралығында жалақы мүлдем өспепті.

«5 жыл бұрын 65 мың алатын едік. Қазір 2015 жыл болды, сол жалақыны алып отырмыз. 65 мың теңгеге мемлекеттің жұмысын да, басшының жеке шаруасын да атқарып жүрміз», – дейді жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Дәурен Шанаев.

Бас дәрігер жедел жәрдем көлігімен шалғай аудандарға адамның мәйітін тасытып, балық алдырады екен. Енді тойға мінуге көшіпті.

«Бізде барлығы 17 көлік, олардың өзі жеткіліксіз. Бастығымыз болса, көлікті тойға да, өзенге де мінеді», – деп отыр жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Көңілімқос Сәрсенов.

Осылайша еңбек етіп жүрген жүргізуші, дәрігер, фельдшерлерге сыйақы да берілмейді екен. Есесіне есепшілерге сыйақыны еселеп тұрып төлейтін көрінеді. Мұны жүргізушілер қолдарына кездейсоқ түскен есеп қағазынан байқап қалған. Осыны камера алдында түсіндіруін өтінген жұмысшыларына мекеме басшысы дөрекі жауап берді.

Жедел жәрдем басшысы есепшілер сыйақы алатынын ал жүргізушілерге бәрібір де  сыйақы берілмейтінін ашық айтты. Алайда қызметтік көлікті жеке мақсатына пайдаланғанын мойындамай отыр.

Басшы тойға, өзенге емес, көліктерді мәйіт алып баруға пайдаланғанын айтып ақталды.

Бухгалтерлердің есеп қағазында өздеріне артық жұмыс күнін қосып алатыны да көрсетілген. Камераның алдынан көлбеңдеп кетпей қойғанымен, бас есепші мұны түсіндіруден бас тартты.

«Мен сізге ештеңе айтпаймын. Тексеруші келсін», – деп бұлдаңды басшы.

Жедел жәрдем станциясында таяуда тексерістің басталуы әбден мүмкін. Жүргізушілер мекемеде болып жатқан заңсыздықты тізіп, облыс әкіміне, еңбек басқармасына және облыстық прокуратураға шағым түсірді. Бұдан оң нәтиже болмаса дәлелдерді түгел тізіп Денсаулық сақтау министрі мен Бас прокуратураға жолдамақ.

Источник: КТК

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз