НАШАР ФУТБОЛ КІМГЕ ДӘРІ?

0
99

 Көктемнің алғашқы күні «Астана-Арена» стадионында ел чемпионы – «Астана» мен ел кубогының иегері – «Қайрат» командалары футболдан Қазақстан суперкубогын сарапқа салады. Ойынды «Хабар» телеарнасы тікелей эфирден көрсетпек (трансляцияның басталуы – Астана уақыты бойынша 15.55-те).

Осыдан екі апта бұрын Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) сайтында мынадай ақпарат жарияланды:«Қазақстан суперкубогы сарапқа салынатын бұл матчты ресейлік «Спорт 1» телеарнасы да көрсететін болады. ҚФФ Бүкілресейлік мемлекеттік теле және радио хабарларын тарату компаниясымен осындай келісім-шартқа отырды». Федерацияның бас менеджері Асқар Ұранхаев өз түсіндірмесінде тіпті «Астана» мен «Қайраттың» ойынын Украинаның «СПОРТ» арнасы да көрсететінін, ал бұл арнаны аталмыш ел халқынан бөлек Беларусь, Молдова, Литва, Латвия және Эстония елдерінің де тамашалайтынын айтқан-ды. Яғни, Қазақстан суперкубогы үшін матчты бұрынғы Кеңес Одағының бірталай елі көретін болды деп жар салды. Бұл бұл ма, «Түркия, Қытай және т.б. елдердің телеарналарымен де келіссөз жүргізіліп жатыр» дегенін қайтерсіз?

Жұртшылық бұл хабарға аса қуана да, тым сене де қойған жоқ. Өйткені, біріншіден, «Астана» мен «Қайраттың» ойыны, басқаны былай қойғанда, қазақ жанкүйерлерінің өзін қаншалықты қызықтырады? Жарайды, 30 мың адам сыятын «Астана-Арена» үш ай қыста футболды сағынып қалған көрерменге лық толсын-ақ делік. Жанкүйерліктің жазылмас дерті қанына сіңген қалың жазған телеэкранға телмірсін-ақ. Бүкіл Қазақстан қарамайды ғой бәрібір.

Екіншіден, осы ойын Ресей, Украина немесе Литвадағы футбол әуесқойларының назарын аударады дегенге ҚФФ шынымен илана ма? Мәселен, футболды өте жақсы көретін менің өзім жоғарыда аталған елдердің командаларының ойындарын қарай бермеймін. Себебі, маған қызық емес. Англия, Испания немесе Германия чемпионаттары, Чемпиондар лигасы тұрғанда, қайдағы бір «Спартак» пен «Зениттің», «Днепр» мен «Металлистің», «Экранас» пен «Жальгиристің» ойынын қайтемін? Сол секілді кез келген орыс, украин немесе литван жанкүйері «Астана» мен «Қайраттың» ойынын қарайды дегенге кім сенеді?

Үшіншіден, осындай ешкімді қызықтыра қоюы неғайбыл, өзгелер үшін рейтингі нөл ойынды көріңдер деп, жұртқа жалыну – ыңғайсыз емес пе? Қазақ футболын сыртқа танытудың басқа да жолдары бар шығар (Мәселен, командаларымыздың ойынын жақсарту, деңгейін көтеру). Оның үстіне, спорт телеарналары қазір Англия, Германия, Испания чемпионаттарын көрсету үшін таласып, сол федерацияларға қыруар қаражат төлейді. Бұлардың рейтингі өте жоғары екенін, ел қызығушылығының орасан зор екенін біледі. Ал біздің матчты көрсеткеннен олар не табады? Ештеңе де. Нашар футбол кімге дәрі? Демек, олар тек біздің тарап ақша төлесе ғана көрсетуге келісім бермек. Өйтіп айдаладағы біреулерге ақша төлеп жаныққанша, өз футболымызды өзіміз-ақ көріп отыра бермейміз бе?

…Кеше «Спорт 1» (Ресей), «СПОРТ» (Украина) және «ТРТ Аваз» (Түркия) арналарының 1 наурыз күнгі телебағдарламаларын шолып шықтым. «Астана» – «Қайрат» ойыны ешқайсысының да кестесінде жоқ екен. Бәсе…

 

Сәкен СЫБАНБАЙ

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз