ОҚО-да ақсақал мерейтойын спорт алаңында өткізіп, жұртты таңқалдырды

0
47
ОҚО-да ақсақал мерейтойын спорт алаңында өткізіп, жұртты таңқалдырды
Оңтүстікте мерейтойды атап өтудің жаңаша үлгісі қолға алынды. Тойшыл қауым жайсаң жиынды мейрамханаларда емес, спорт алаңында ұйымдастыруды жөн көріп отыр деп хабарлайды 7 арна.Мұндай бастаманы ақсақалдар алқасы көтеріпті. Сол ақ екен, мерейтойды спорт алаңында атап өткен алғашқы жиын да болды. Мерейтойды атап өту үрдісін мейлінше өзгерткен Жүрсінбай Ергешов. Спорт ардагері өзінің 65 жасқа толуына орай, кіші футболдан турнир ұйымдастырды. 10 жыл бойы күрестің барлық түрін меңгеріп шыққан оның спортқа жаны жақын екені байқалып тұр. Сондықтан да бұл тойын спортпен тоғыстырды.

«Тойхана да көп, той да болып жатыр. Бірақ келешекте президенттің жолдауынан кейін ойланатын жігіттер көп шығар. Осындай спортқа, басқа шаралар халыққа пайдалы. Жастарға үлгі болатын бағдарлама өткізсе, мен өте қуанамын. Мен өзім осы бастаманы сөйтіп бастап отырмын», — дейді мерейтой иесі, зейнеткер Жүрсінбай Ергешов.

Мерейтойлық турнирге 13 команда қатысты. Құрамындағылардың ең жасы 38 жаста болса, егде тартқаны 68 жастағы зейнеткер екен. Мерейтой иесінің көтерген бастамасын қолдаған 104 ойыншы турнирге тегіс қатысты.

«Біз өзіміздің жолдастарымызбен «Арғымақ» клубымыз бар. Қалалық чемпионаттарға қатысамыз. Осымен төртінші турнирге қатысып жатырмыз. Жүрсінбай ағамызға рахмет айтамыз, осы барлық ақсақалдарды, 40-тан асқан жігіттерді жинап, үлкен турнир жасап отыр. Бұл салауатты өмірді дәріптегеннің бір ұшы», — деді турнирге қатысушы Бейсенбек Жанбосынов.

Сөйтіп, мерейтойда таңдайы тақылдаған тамаданың орнын ысқырығы жер жаратын судья басып отыр. Әншілер мен бишілердің рөлінде қонақтардың өздері ойын көрсетіп, орнын алмастырып жатқан сияқты. Олардың құшақ-құшақ тілегі футбол барысындағы белсенділігімен білінеді. Бұл үрдісті халық қалаулылары да қолдап келіпті.

«Ресторанға барып, әркім өткізе алады. Ал енді мынадай жалпы жұртқа қуаныш сыйлай отырып, жастарды спортқа тарта отырып, одан қалды үлкендерді спортқа тарта отырып, бұлай турнир өткізу меніңше өте оңды нәрсе деп ойлаймын», — деді ОҚО мәслихатының депутаты Өмірзақ Мелдеханов.

Мерейтой иесі той шығынын турнирге жұмсапты. Бірінші орын иегері атанған командаға 100 мың теңге табыстаған. Екінші орынға 60 мың, үшінші орынға 40 мың теңге сый жасапты. Өзі де сыйлықсыз қалмады. Ойыншылар сансыз футболка мен футбол добын және грамота табыстады.

Той дегенде домалайды қу бастар. Әсіресе, оңтүстікте шырттай киініп тойхана төріне ағылатын ағайындар көп. Енді жібек көйлек пен галстугын тағынып мейрамханада мәз болатын жиындар тыйылуы әбден мүмкін. Есесіне, қуанышты сәтте ағайын, туыс, бауырлар спорт алаңында кездесіп, түрлі жарыс өткізу үрдісі бастау алып жатыр. Аға буын өкілдерінің үлгісін қайталап, тойхана төріндегі жиынды спорттық алаңға алмастырып жатсақ, тойдағы дарақылық пен даңғазалыққа бір жола нүкте қойылар ма еді деген үміт басым.

По сообщению сайта Nur.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз