
Көкшетаулық тұрғын Серікжан Жүзжанованың құқық қорғау органдарының жұмысына көңілі толмайды.
Өйткені, баласын өлімші етіп соққыға жыққан бұзақыларды жазаға тартуға қалалық ішкі істер басқармасы асықпайтын көрінеді деп хабарлайды 31 арна.
Бейнебақылау камерасындағы жазбаны көрсетіп, бірнеше кабинеттің есігін қаққанда ғана сең қозғалған. Бейнетаспадан гардеробта киімін күтіп тұрған Олжасқа ақ жиделі жігіт келіп қол көтеріп тиіскендігін анық байқауға болады. Артынша тағы екі жігіт қосылып, Олжасты жабыла соққының астына алады. Анасының айтуынша ұлы төбелесіп жатқан досының арасына түскені үшін жазықты болыпты.
Жігіт жанжалдың арасына түскен Олжасты сыртқа шақырып, жолдастарымен жабылып соққыға жыққан. Соққыдан соң Олжас ес — түссіз ауруханаға жеткізіліпті. Бас ми сүйегіне ашық жарақатпен ауыр зақым келген.
«Қазір мүлде жұмыс істей алмайды. Құлағы естимейді дұрыс, дәм сезу қабілетінен айырылып отыр. Үнемі күтім керек», — дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Серікжан Жүзжанова.
Осы іске байланысты жәбірленушінің анасы сотқа шағымданады. Алайда кейін бұл мәселеге байланысты шикілікті байқаған. Тергеуші тек Арман есімді азаматқа күдікті ретінде айып тағып, қалғанын куәгер ретінде жібере салған.
«Қабылдауға барғанымда, видеоны көрсеттім. Неліктен біреуін ғана ұстап, қалғанын жібере салдыңыздар деп сұрадым. Ал тергеуші жақында ғана бұл материалмен таныс болғанын айтты», — дейді зардап шегушінің анасы.
Әділдік іздеген ана күні кеше ғана қалған екі күдіктіге қатысты істің қозғалғандығын айтады. Ал қалалық ішкі істер басқармасы жағдайды былай түсіндіреді.
«Бастапқыда бір азаматқа күдікті ретінде іс қозғалды. Кейін сот алдындағы анықтау жұмыстарын жүргізу барысында тағы екі азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оларға сот-медициналық сараптама тағайындалды. Сот ісін жеделтетуге бар жігеріміз салатын боламыз», — дейді Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасының штаб басшысы Қайрат Қанатбаев.
Сондай-ақ, полиция қызметкері күдіктілер қасақана адам денесіне ауыр жарақат салғаны үшін әрқайсысы 4 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін дегенді айтады. Ал арызданушы Серікжан Жузбаева болса, бұзақылар полиция қызметінде істейтін беделді уыстарының арқасында жазадан құтылып кете ме деп уайымдайды.
По сообщению сайта Nur.kz