Қостанайда мысырлық азаматқа қатысты сот ісі жүруде деп хабарлайды Астана арнасы.
35 жастағы Бассем Фоули «босқын» мәртебесін беруден бас тартқан ішкі істер департаментінің шешіміне наразы. Шетелдіктің талап-арызы қалалық сотта қаралып жатыр. Араб азаматының ресми өкілі ретінде сотқа «Халықаралық адам құқығын қорғау» бюросының Қостанайдағы директоры қатысты.
Бассем Фоули соттан көші-қон полициясы басқармасының шешімін заңсыз деп тануды өтінген. Ол Мысырдағы әскери қақтығыстардан бейнебаян көрсетіп, отанына оралса, өміріне қауіп төнетінін айтты.
«Мақсатым – «босқын мәртебесін» алып, Қазақстанда қалу», – дейді Фоули.
Ал жауапкер тараптың өкілі Фоулидің бірнеше рет көші-қон заңын бұзып, әкімшілік айыппұл төлегеніне тоқталды. Сондай-ақ осыған дейін емін-еркін шекарадан асқанын алға тартады. Ол Қазақстанға осымен жетінші рет келіп отыр. Тіпті жергілікті қызға үйленіп, аз уақыттан соң ажырасып та үлгерген көрінеді.
«Оның бұрынғы әйелі мен енесінің атынан үш рет шағым түсті. Шағымданушылар Бассем Фоулидің қол көтеріп, зәбір көрсеткенін жазды. Сонымен қатар өткен жылы ол бірнеше рет көші-қон заңын бұзғаны үшін, әкімшілік айыппұл төледі», – дейді Қостанай ОІІД көші-қон полициясы басқармасының бастығы Қайрат Дүтпаев.
Осыны ескере отырып, комиссия оған «босқын мәртебесін» беруден бас тарту туралы шешім қабылдады.