
Тоғызқұмалақты енді телефон ұстаған әр адам ойнай алады деп хабарлайды КТК арнасы.Алматылық өнертапқыш бұл ойынның жаңаша электрондық нұсқасын құрастырып шығарды. Енді тоғызқұмалақ ойнау үшін ағаш тақта іздеп жатудың қажеті жоқ. Нұржан Төлегенов ойынның мобильді нұсқасын жасауға 2 ай уақытын жұмсаған.Құмар ойындардан гөрі осындай ұлттық ойындарға ден қойғысы келген ол алдымен осы тоғызқұмалаққа тоқтапты. Жалпы тоғызқұмалақтың компьютерге арналған нұсқасы бұрыннан бар. Ал бұл жолы ойын ұялы телефонға шақтап жасалған. Оны жекелей де, екі адам болып та, тіпті, ғаламтор арқылы басқа біреумен де ойнауға болады.
Нұржанның тағы бір электрондық туындысы — домбыра. Ұлттық аспапты үйренем дегендер енді телефон арқылы да талаптанып көрсе болады.
«Негізінен оқушыларға арналған үйрену құралы. Себебі, мектеп жасындағылар көбіне әртүрлі компьютерлік ойындарға құмар. Оның орнына өзіміздің ұлттық ойындарға көңіл бөлсе деймін», — дейді құрастырушы Нұржан Төлегенов.
Өнертапқыш алдағы уақытта басқа да ұлттық ойындардың электрондық нұсқаларын құрастыру ойында бар екенін жеткізді.
По сообщению сайта Nur.kz