САЙЛАУ СЦЕНАРИЙ БОЙЫНША ӨТЕ МЕ?

0
829

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстанда кезектен тыс президенттік сайлау өткізудің жоспарын жария етті. ОСК (Орталық сайлау комиссиясы) төрағасы Қуандық ТҰРҒАНҚҰЛОВтың айтуына қарағанда, қазірдің өзінде (қалай тез, ә, сайлау өтетінін алдын ала білген-ау) сайлау құжаттарының үлгілері мен кезектен тыс өткізілетін президенттік сайлауға дайындыққа қатысты негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары (календарный план) бекітіліпті. Осынау жоспар бойынша президенттікке үміткерлер ұсыну 26 ақпанда басталып, 15 наурызда бітуге тиіс. Үміткерлерді заңды түрде тіркелген республикалық қоғамдық ұйымдар ұсына алады. Сондай-ақ, қазақ елінің кез келген азаматы да президенттікке өзін-өзі ұсынуға құқылы. Үміткерлердің үгіт-насихат науқаны 26 наурызда басталып, 24 сәуір күні 00.00 сағатта аяқталуға тиіс. Қуандық Тұрғанқұлов, сонымен бірге, аталмыш сайлау науқанына мемлекеттік тілді жақсы меңгерген, жасы қырыққа толған, қазақ елінің аумағында тұрып жатқанына 15 жылдан асқан кез келген Қазақстан азаматы қатыса алатыны мәлімдеді. Ата Заңымыздың талаптарына сәйкес президенттіктен үміткер азамат тіркеуге дейінгі және одан кейінгі тексерулерден өткеннен кейін Орталық сайлау комиссиясының есебіне сайлау жарнасын енгізеді. Сайлау жарнасы ең төменгі еңбекақының елу еселік көрсеткіші көлемінде белгіленеді. Бұл дегеніміз, өткен жылғы ең төменгі еңбекақы мөлшерімен есептегенде, шамамен 1 миллион 60 мың теңге болады. Ал егер үміткер азамат президенттікке сайланып кетсе немесе сайлау қорытындысы бойынша сайлаушылардың кем дегенде бес пайыз дауысын жинаса, сондай-ақ алда-жалда оқыстан өліп кетсе, төленген жарна, әлбетте, қайтарылып беріледі. Басқадай кез келген жағдайда жарна кері қайтарылмайды, республикалық бюджеттің крісіне қосылады. Еліміздегі заң талабы осындай. Ел президенттігіне үміткерлерді тіркеу сайлау өтетін күннен екі ай бұрын басталып, қырық күн қалғанда тоқтатылады.

ХОШ дейік, ендігі ӘЛҚИССА:

Басқасы басқа, ал енді екі күннің бірінде Елбасының аузынан түспейтін ҮНЕМДЕУ дегеннің көкесін еліміздің Орталық сайлау комиссиясы көрсететін болды – сәуірдің соңына қарай болатын кезектен тыс Президент сайлауына дайындық барысында сайлау комиссиясына қажетті су жаңа компьютерлер мен жалтылдаған жап-жаңа мебель-жиһаздар сатылып алынбайтын болды.

Бұл туралы да Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық ТҰРҒАНҚҰЛОВ мырза мәлім етті. Әйтсе де, су жаңа компьютерлер мен жалтылдаған жап-жаңа мебель-жиһаздарды сатып алудан сайлау комиссиясының Астанадағы бас кеңсесі ғана бас тартты ма, жоқ әлде осынау «бәрекелді» дегізетін ұсынысқа оның бүкіл еліміздегі бөлім-бөлімшелері де «бір ауыздан» қосыла кетті ме – бұл жағын ҚУАНДЫҚ мырза ашып айтқан жоқ. «Бюджеттен бөлінген белгілі бір деңгейдегі қаржыны мақсатты түрде пайдалану мәселесі кез келген мемлекеттік органның алдында тұрған актуальді мәселелердің бірі, демек бұл – бізге де қатысты деген сөз, – деді ОСК төрағасы өзінің президенттік сайлауға қатысты түсініктеме сөзінде, – осыны ескере келе біз алдағы сайлау науқаны қарсаңында өзімізге бөлінетін мемлекет қаржысын үнемдеу мақсатында кеңсе жиһаздары мен техникаларын, соның ішінде заманауи компьютерлік техникаларды да сатып алудан бас тарттық. Сонымен бірге автокөлік шығыны нормативтерін де нақтылап, соған қатысты өзге де шығыстарымызды үнемдейтін боламыз…»

Жөн-жөн! Тұрғанқұловтың төтесінен айтқаны шынында да құптарлық-ақ мәселе. Рас, президенттік сайлауға қатысты қанша көлемде қаржы бөлінетінін ОСК басшысы бұл жолы нақты айта алмады, өйткені, ақша әл-әзір бөліне қойған жоқ. Десек те, бұ кісі 2011 жылғы президенттік сайлау кезіндегі қаржылық деректерден аз-мұз мысалнама келтіріп кетті. Мәселен, 2011 жылы президенттік сайлауға 4,4 миллиард теңге бөлінген болса, соның 66 пайызы немесе 3 миллиард теңгесі бүкіл еліміз бойынша жұмыс істеген сайлау комиссияларының мүшелеріне төленіпті. «Біздің еліміздегі он мың сайлау комиссиясының әрқайсысында шамамен жеті адамнан мүше болса, бұл дегеніміз 70 мың адам деген сөз. Бұлардың барлығы ең төменгі еңбекақы көлемінде екі айдың еңбекақысын алады. Елімізде 2011 жылы ең төменгі еңбекақы 15,9 мың теңге көлемінде болса, бұл көрсеткіш қазір шамамен 21,4 мың теңгенің айналасында. Оның үстіне, содан бергі төрт жыл ішінде полиграфия мен бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі де өсіп кетті. Осының барлығын есептеп кеп жіберетін болсақ, биылғы президенттік сайлау науқанына бұрнағы жылға қарағанда қаржы көбірек бөлінуі әбден мүмкін…»

Есімізге түсіре кететін болсақ, Ата заңымыз бойынша 2016 жылы өтуге тиісті ел Президентін сайлау науқанына мемлекет қоржынынан 5 миллиард теңге бөлінеді деп жоспарланған болатын.

Марат МАДАЛИМОВ.

Abai.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз