Атырауда қаржы пирамидасының құрығына түскендер бас көтерді

0
447
Атырауда қаржы пирамидасының құрығына түскендер бас көтерді
Қаржы пирамидасының құрығына түскендер! Атырауда бірнеше адам «Плэйткойн» деп аталатын компанияға өз қолдарымен миллиондап қаржы салып, енді оның бір теңгесін де қайтара алмай жүр.Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Сөздеріне сенсек, өткен жылы ашылған компания Қазақстан бойынша 70 мыңға жуық адам жинап үлгерген. Енді «Плэйткойн» басшылары ақша қайтармақ түгілі, бұларды танымаймыз деп отырған көрінеді. Қаржыларын даулаған аңқау жұрт қазір Қазақстаннын түкпір-түкпірінен Атырауға ағылуда.

Нұржамал Мырзақұлова Атырауға Шымкенттен жетіп, «Плэйткойн» кеңсесінің табалдырығын тоздырумен жүр.

Қаржы пирамидасында інісі және сіңілісі үшеуі 3 миллион теңге салған. Оны 30 пайыздық өсіммен қайтарып алмақ болыпты.

Атырауға келгелі жарты айдан асса да, үстемақы түгілі өз қолымен салған ақшасын алуға зар болып жүр.

«Атырауда «лохтар» көп деді. Мен сотталғанмын, ештеңе істей алмайсың деп айтты», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Нұржамал Мырзақұлова.

Нұржамалдың сөзіне сенсек, қалталы атыраулықтар «Плэйткойнның» есепшотына екінші деңгейлі банктер арқылы 2-ден 12 миллион теңгеге дейін салған. Солардың тағы бірі – Үзілсін Тастанова. Өзі ғана емес, ағайын-туысын да үгіттеп, 2 миллион теңге салуға көндірген. Ақшасының өсімін алмақ болып барғанда, компания басшысы балағаттап, қуып шығыпты.

Компания халықты алдап, ақшасын алып өзінің жеке басына пайдаланып отыр. 3 машина алған, 3 лимузин алған, астында 777 нөмірлі алтын түсті «Мерседес» мініп жүр.

«Компания халықты алдап, ақшасын алып өзінің жеке басына пайдаланып отыр. 3 машина алған, 3 лимузин алған, астында 777 нөмірлі алтын түсті «Мерседес» мініп жүр. Коттедж, үйлер алып жатыр. Бәрін тәркілеу қажет. Халықтың ақшасын қайтарсын», — дейді Атырау қаласының тұрғыны Үзілсін Тастанова.

Жеңіс Қанахметов есімді азамат  басшылық ететін «Плейткойн» компаниясының ғаламтордағы сайтында 63 мыңнан астам мүшесі бар екені жазылған. Тіпті ақшаларын еселеп қайтарып алып тұрған қазақстандықтардың бейнежазбасы салыныпты.

Бірақ бұл адамдарды тарту мақсатында жасалған көзбояушылық, — дейді алданғандар. Қанахметовтың өзі ақшаларын даулап барған тұрғындарды пысқырар емес.

Тергеудің құпиялылығын сылтау етіп, сұхбат беруден бас тартқан тәртіп сақшыларының айтуынша, ақпан айынан бері алданып қалған онға жуық тұрғыннан арыз түскен. Соған сәйкес, Қылмыстық Кодекстің «алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалыпты.

Жұртты ақшаға қарық қыламын деген Жеңіс Қанахметовтың қылмысы дәлелденсе, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін дейді тергеушілер.

По сообщению сайта Nur.kz

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз